ПМЗ бас технологы машина жасаушы мамандығын жүрек қалауымен таңдаған

ПМЗ бас технологы машина жасаушы мамандығын жүрек қалауымен таңдаған

Ол ERG Service компаниясының әріптестерін келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Павлодар машина жасау зауыты ERG Service» кәсіпорнының бас технологы Дмитрий Гражданкин үшін машина жасау — оның алғашқы жұмыс күніне дейін басталған тарих. Оның отбасында техниканың және өндірістің айналасында жүрген бірнеше буын бар. Сондықтан мамандық таңдау Дмитрий үшін табиғи шешім болды. Дегенмен бүгінде ол отбасылық дәстүрді жай ғана жалғастырып жүрген жоқ, осы әулеттің кәсіби тарихына өз үлесін қосып келеді.

Зауытқа ол осыдан тоғыз жыл бұрын университетті тәмамдаған соң жас маман ретінде жұмысқа келген. Осы уақыт ішінде тәжірибе жинақтап, кәсіби тұрғыда өсіп, бас технолог қызметіне дейін көтерілді. Жұмыс барысында тек білімді ғана емес, әр жағдайда жаңа шешім іздеуге дайын болуды талап ететін талай міндетті еңсерді.

– Мұнда университеттен кейін жас маман болып келдім. Содан бері көп нәрсе үйреніп, зауытпен бірге өстім. Қазір жаңа жобаларды ойлап қана қоймай, оларды өндірісте нақты жүзеге асыруға мүмкіндік беретін процестерге өзім жауап беремін, – дейді ол.

Бүгінде кәсіпорындағы жаңа жобалардың басым бөлігі Дмитрийдің қатысуымен жүзеге асады. Ол идея технологияға айналуы керек болған кезде іске кіріседі: конструкцияны қалай жасау керек, қандай материалдарды пайдалану қажет, қай шешім тиімді және өндіріс процесін қалай ұйымдастырған дұрыс деген мәселелерді қарастырады.

– Барлық жоба бас технолог ретінде мен арқылы өтеді. Біз бәрін зерттеп, технологиялық процесті әзірлейміз, нені және қалай жасайтынымызды анықтаймыз. Жобаларда көбіне жаңа шешімдерді қолданамыз. Өйткені стандартты емес міндеттерді жиі қолға аламыз, – дейді Дмитрий Гражданкин.

Осындай жобалардың бірі — ферроқорытпа зауытына арналған кептіру барабаны. Бұған дейін кәсіпорында мұндай жабдық өндірілмеген. Сондықтан мамандар жобаны әзірлеуден бастап, өндіріс пен кейінгі монтажға дейін жаңа бағытты іс жүзінде нөлден игеруге тура келді. Дмитрий агрегатты өндірістік алаңда орнату жұмыстарына да қатысты. Монтаж жұмыстары небәрі алты күнге жуық уақытты алды.

Тағы бір ауқымды жоба — электр станциясына арналған таспалы конвейер жасау. Бұған дейін зауыт мұндай жүйелердің жекелеген құрамдас бөліктерін шығарғанымен, толық конвейерді құрастырып көрмеген. Жоба әзірленіп, технологиясы пысықталып, өндіріс ұйымдастырылды. Шамамен бір жыл бұрын дайын конвейер іске қосылды.

Мұндай жобаларда Дмитрийді тек соңғы нәтиже ғана емес, жұмыстың барысы да қызықтырады. Команданың бейтаныс міндетке тап болып, оны жан-жақты зерттеп, ақырында шын мәнінде жұмыс істейтін өнімге қол жеткізуі — оның кәсібінің ең қызықты тұстарының бірі.

– Ең қызығы — бастапқыда бәрі қарапайым сияқты көрінеді. Ал іске кіріскен кезде түрлі қиындықтар пайда болады. Бірақ жұмыс барысында олардың шешімін табамыз. Қызығушылық та осында шығар: соңында бәрі ойдағыдай болып, жасалған дүниенің жұмыс істеп тұрғанын көресің, – дейді ПМЗ бас технологы.

Дмитрийдің инженерлік қабілеті бала кезінен байқалған. Ол авиамодель жасаумен айналысып, ағаш пен пластиктен ұшақтар құрастырған. Ол кезде бұл жай ғана хобби еді. Алайда кейін оның болашақ мамандығымен қаншалықты үйлесетінін өзі де түсінді. Заттың қалай жұмыс істейтінін түсінуге деген әдеті мен бір нәрсені өз қолымен жасап көруге деген қызығушылығы бүгінге дейін сақталған.

Дмитрийдің үйінде 3D-принтері бар. Қазір ол принтер арқылы өзіне қажетті заттарды, үйге пайдалы бұйымдарды, шағын мүсіншелерді басып шығарады, кейде таныстарына қажетті бөлшектер жасап береді. Сырт көзге қарапайым үй хоббиі болып көрінгенімен, оның астарында инженерлік логика жатыр: ойлап табу, түсіну, баптау және нәтижесінде дайын бұйым алу.

Дмитрий Гражданкиннің тағы бір әуестігі — футбол. Бұрын ол жиі ойнайтын, қазір алаңға шығуға уақыты азайды. Оның басты себебі — отбасы. Дмитрийдің кішкентай қызы бар, жасы небәрі бір жас екі ай. Сондықтан бос уақытының көп бөлігі қазір қызына арналатын болды.

Дмитрийдің жары да инженер, ядролық салада еңбек етеді. Осылайша отбасындағы техникалық әулет жаңа буында да жалғасып келеді. Дегенмен олардың қызының болашақ мамандығы қандай болатынын ата-анасы әзірге болжап отырған жоқ.

– Біздің отбасымыз техникалық бағытта. Жұбайым да инженер, тек ол ядролық салада жұмыс істейді. Ал қызымыз әзірге кішкентай, оның не нәрсеге қызығатыны әлі белгісіз. Егер өзі осы дәстүрді жалғастыруға қызығушылық танытса, әрине, қарсы болмаймын. Ең бастысы — немен айналысқысы келетінін өзі таңдасын, – дейді машина жасаушы.

Дмитрийдің мамандыққа деген көзқарасы да осында жатыр. Ол машина жасау саласына отбасылық жолмен келді, алайда бұл кәсіпте өзін тапқандықтан қалды. Бүгінде оның жұмысы — сызбадан басталып, нақты жұмыс істейтін конструкциямен аяқталатын ірі жобалар, жауапкершілік пен шешімдер.

Ал үйде оның өмірінің ауқымы мүлде басқа: кішкентай қызы, отбасылық кештер, футбол және кейде жұмыс күнін басқа форматта жалғастыратын 3D-принтер.

Машина жасаушы күні қарсаңында Дмитрий Гражданкин әріптестеріне жаңа міндеттерден қорықпай, мамандықпен бірге кәсіби тұрғыда өсе беруді тілейді. Өйткені нағыз шеберлік жаңаны білуге деген қызығушылықтан, жақсы команданың бірлігінен және бастаған істі соңына дейін жеткізуге деген ұмтылыстан қалыптасады.

Серіктестік материалы