Президент қазақстандықтарды Домбыра күнімен құттықтады

Президент қазақстандықтарды Домбыра күнімен құттықтады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы ұлттық аспаптың қазақ халқының рухани мұрасы мен бірегейлігінің ажырамас бөлігі екенін атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысының айтуынша, Домбыра ғасырлар бойы ұлттың төл құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, ел бірлігі мен рухын нығайтуға қызмет етіп келеді.

«Жаһандық сын-қатерлер күшейіп, дәстүрлі құндылықтар көмескіленген қазіргідей алмағайып заманда Ұлы даланың мол мұрасы, әсіресе, қара Домбырамыз төл мәдениетіміздің мызғымас тұғыры болып қала береді», – деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ Домбырасының сазды әуенін халықаралық қауымдастыққа таныстыруды жалпыұлттық парыз деп атап өтті. Ол ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – Домбыра» деген қанатты сөзін еске алып, бұл теңеу Домбыраны кеңінен дәріптеуде темірқазық болуы тиіс екенін айтты.

Президент 1 шілдеде, Домбыра күні қарсаңында, Халық Конституциясының заңды күшіне енгенін еске салып, оның тарихи-мәдени мұраны сақтау мен төл мәдениетті қолдауды негізгі қағидаттардың бірі ретінде бекіткеніне назар аударды.

Мемлекет басшысы Домбырашыларға, оқытушыларға және ұлттық өнерді Қазақстанда әрі шетелде насихаттап жүрген азаматтарға алғысын білдіріп, қазақтың ән-күйі алдағы уақытта да елді жаңа жетістіктерге жетелейтініне сенім білдірді.

Сөз соңында Президент барша қазақстандықтарға амандық пен бақ-береке тіледі.