Қазақстанда жүрек талмасына ұшырайтындар саны азайды
Былтырмен салыстырғанда ашық жүрекке жасалатын ота саны еліміз бойынша 7,1% өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл басынан бері қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 8,5%, оның ішінде жүректің ишемиялық ауруы 12%, жіті миокард инфарктісі 4,6%, стенокардия 10%, инсульт 13,5% төмендеді.
– Былтырмен салыстырғанда ашық жүрекке жасалатын ота саны еліміз бойынша 7,1% өсті. Жыл басынан бері 6148 жүрекке ашық ота жасалды, – деп жазылған хабарламада.
Қазақстан – Орталық Азиядағы жүрек пен өкпені транспланттайтын жалғыз мемлекет. Соңғы 10 жылда Ұлттық ғылыми кардиологиялық орталық базасында донорлық жүректі транспланттау бойынша 86 ота жасалды.
Сонымен қатар, осы жылдың шілде айында алғаш рет "Шымкент жүрек орталығы" КеАҚ және "Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты" АҚ қабырғаларында екі пациентке жүректі транспланттау сәтті жүргізілді.