Президент Ерлан Ақкенженовті қабылдап, энергетика саласына тапсырма берді

Президент Ерлан Ақкенженовті қабылдап, энергетика саласына тапсырма берді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мұнай өңдеу көлемін ұлғайту және жаңа энергетикалық нысандар салу жоспары таныстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі aqorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовті қабылдады. Кездесу барысында отын-энергетика кешенінің қазіргі жағдайы, негізгі жобалардың іске асырылуы және саланы одан әрі дамыту жоспары талқыланды.

Министр мұнай саласында орнықты динамика сақталып отырғанын айтып, мұнай өңдеу көлемін арттыру жоспарын баяндады. Соның нәтижесінде Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты жылына алтыдан 12 миллион тоннаға дейін, Атырау мұнай өңдеу зауыты 5,5-тен 6,7 миллион тоннаға дейін, ал Павлодар мұнай-химия зауыты 5,5-тен тоғыз миллион тоннаға дейін ұлғайтылмақ.

Сондай-ақ 2029 жылға дейін салынатын жаңа энергетикалық нысандар жөнінде мәлімет берілді. Биыл Алматы қаласында екінші жылу электр орталығының құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ қондырғылары негізінде электр станциялары салынбақ. Министр «Көмір өндіруді дамыту» ұлттық жобасының әзірлену барысы туралы да есеп берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев отын-энергетика секторын одан әрі дамыту, мұнай-газ, мұнай-газ химиясы және электр энергетикасы салаларындағы жобаларды уақтылы әрі сапалы іске асыру бойынша бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар өндірістік нысандардың тиімділігін арттыру үшін цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізудің маңызын атап өтті.