Қазақстандық сарбаз джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды
Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде джиу-джитсудан өткен халықаралық турнирде Абай гарнизоны 28738 әскери бөлімінің қызметкері, кіші сержант Мерхат Тұяқов жеңімпаз атанды, деп хабарлайды @Kazinform ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Әлемдік додада Қазақстанның намысын қорғаған ол Ресей, Бразилия, Уругвай, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран және Оңтүстік Корея спортшыларымен күш сынасты.
Қазақстандық сарбаз төрт қарсыласын мерзімінен бұрын жеңсе, тағы үшеуін ұпай санымен жеңді. Алтын үшін белдесуде Мерхат Тұяқов ресейлік спортшыдан басым түсіп, әлем чемпионы атағына қол жеткізді.
Мерхат джиу-джитсумен бес жылдан бері айналысса да әлемдік деңгейдегі жарыстарға алғаш рет қатысып отыр. Бұған дейін ол еркін күрес пен қоян-қолтық ұрыспен айналысқан.