Президент мемлекеттік марапат пен әскери шен тапсыру рәсіміне қатысты

Президент мемлекеттік марапат пен әскери шен тапсыру рәсіміне қатысты
Фото: Ақордадан

Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сардарлар мен сарбаздарды, жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

– Қос мерекенің мән-мазмұны – үндес, тағылымы – ортақ. Осы мейрамдарда еліміздің ерлік дәстүрі кеңінен дәріптеледі. Біз бұл күндері жұртымызға қорған болып жүрген ерлерге құрмет көрсетеміз. Сондай-ақ сұрапыл соғыста Отан үшін от кешкен батырлардың рухына тағзым етеміз. Қазақ – шекарасын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бекемдеген қаһарман халық, ержүрек ұлт. Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір Тудың астына жиналған. Бірлігін нығайтып, жұртын жаудан қорғаған. Байтақ даланы көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманат еткен. Осы аманатқа адал болу – біздің қастерлі борышымыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция мемлекеттігіміз бен егемендігіміздің мызғымас кепілі екенін атап өтті.

– Бас құжатта халқымыздың мүддесі, мақсат-мұраты мен бірегей құндылықтары көрініс тапты. Жаңа Ата заңда Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, халқымыздың әл-ауқатын арттыру, бірлігін күшейту бұлжымас қағидат ретінде айқындалды. Адам капиталын, білім-ғылымды, инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде бекітілді. Осылайша, біз Заң мен тәртіп үстемдік құратын, баршаға бірдей мүмкіндік берілетін, Әділетті, Қуатты, Өркениетті мемлекет құру жолына бет алдық. Қазақстанның мақсаты – биік, бағдары – айқын. Ырысты ынтымағымызды және берекелі бірлігімізді сақтай білсек, осы мұратымызға жетеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сарбаздарымыз арнайы жасақтар мен күштік құрылымдар арасындағы жаһандық додаларда тамаша жетістікке қол жеткізіп жүргенін айтты.

– Биыл Дубайда өткен ауқымды халықаралық жарысқа еліміздің бес командасы қатысып, жүлдемен оралды. Байрақты бәсекеде бірінші және екінші орынды Қазақстан құрамасы еншіледі. Әсіресе, әйелдер арасында топ жарған «Томирис» командасының қарым-қабілетіне жаһан жұрты тәнті болды. Мұның бәрі де – рухы мықты, қажыр-қайраты мол, Отан алдындағы антқа адал сарбаздарымыздың ерен еңбегінің жемісі екені айқын. Мемлекет осындай айбынды жауынгерлерімізді қашанда қолдайды. Бұл – ең алдымен, ел мүддесі үшін, яғни, ұлтымыздың келешегі үшін аса маңызды міндет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы бүгінгі таңда армияны заман талабына сай нығайтып, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға қажетті барлық шара қабылданып жатқанына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаеавтың айтуынша, ерлік ешқашан ескірмейді.

– Баһадүр бабаларымыз рухы асқақ, намысы биік екенін ерен ерлігімен дәлелдеп келді. Даңқты ерлеріміз Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қайтпас қайсарлықтың озық үлгісін көрсетті. 500-ге жуық жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Алайда, көптеген майдангердің ерлігі еленбей қалғаны да жасырын емес. Ұлтына қорған болған ержүрек жауынгерлердің есімін ұрпақ жадында сақтауымыз керек. Бұл – біздің перзенттік парызымыз, – деді Президент.

Президент Қазақстан өткенге зор құрметпен, болашаққа үлкен үмітпен қарайтын бейбіт ел екенін жеткізді.