Профессор Дихан Қамзабек: Павлодар облысынан мықты тұлғалар шыққан
Мемлекеттік тілді үйренуді және мәдениетті тұлға қалыптастыруды отбасынан бастау керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы «Достық» үйінде «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» тақырыбында өткен республикалық форумында филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылымы академигі, «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамының бас директор Дихан Қамзабекұлы айтты.
– Осы өңірден талай мықтылардың мықтылары, рухани мәселелерді көтерген тұлғалар, елімізді біріктірген қиын сәттерде елді жақсылыққа бастайтын идеялар айтқан азаматтар шыққан. «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» деген не? Ол жай біздің саяси баяндамалардан алынған сөз бе? Бүгінгі жастар бұны қай тұрғыда пайдалану керек? Осы далада туып, осы елде өмір сүрген соң, мемлекетпен бірге қайнасқаннан кейін отаншылдық деңгейдегі қызметті отбасында, қызметте, қоғамда жүргізуге болады, – деді Дихан Қамзабек.
Ол Президенттің Қазақстан Халқы Ассамблеясының 32-съезінде айтқан сөзі көпшілікті ойландыруы керек екенін атап өтті.
– Әлихан Бөкейхан: «Өз күшіне сенбеген адам да, халық та ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды». Оның үлкен мағынасы бар: өмір деген – бәйге, конкуренция. Бұл конкуренцияда сіздер бізді де ынталандырып отырсыздар. Сіздер бәйгеден олжалы келсеңіздер, миллиондаған адам жақсы өмірге мотивация алады. Ал егер сіздер бастап, тастап кетсеңіздер, қиындыққа апарады, – деді Дихан Қамзабек.
Профессордың пікірінше, қоғамның он пайызы көзі ашық, саналы, мемлекетке жауапты болған кезде мемлекетті ешкім құлата алмайды, әрқашан алға қарай жылжиды. Мәдениет те сондай. Егер адамның жеті пайызы мәдениетке ынталы болса, өзінің ұрпағы үшін аянбай еңбек етсе, елдің мәдениеті үстем болады.
– Еуропаның дамыған елдерінің өзінде де мемлекет мәдениетті ұстап тұру мақсатында тұрғындардың жеті пайызы театрға бару үшін субсидия жасайды. Театрға билеттерді тауып береді. Осы мәселе бізді ойландыру керек. Ахмет Байтұрсынұлы: «жақсы шықса, жаман қалады» дейді. Білім мен мәдениет оқумен, санада жаттаумен келеді. Бәлкім, қазақ тілін білу қасиеті ата-анаңыздан немесе өзіңіздің қабілетіңіз арқылы келеді. Бірақ сол күйінде қалмай, әрі қарай даму керек. Біздің әрқайсымыз отбасында күнде тәжірибе жасауымыз керек. Балаларымызға мемлекеттік тілді, мәдениетті қалай түсіндіре аламыз? Ол үшін әркім өз тәжірибесін көрсетіп, осындай алаңдарда ұсынуымыз керек, – деді филология ғылымдарының докторы.
Еске сала кетейік, форумға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған шараға ҚР Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, ҚХА республикалық, өңірлік және қалалық этномәдени бірлестіктерінің мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» АҚ бас директоры Дихан Қамзабек, қоғам қайраткері, «Ситуативті қазақ тілі» кітабының авторы Қанат Тасибеков, қазақ тілін үйрететін мектептің негізін қалаушы Сергей Хван, блогер, «Алға Петербург» Youtube каналының негізін салушы Иван Червинский қатысты.