«Саламатты Қазақстан» пойызы Павлодар облысындағы жұмысын қорытындылады

Екі мыңнан астам тұрғын тексеруден өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
28 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында денсаулық пойызы Шідерті, Майқайың, Спутник, Шарбақты, Көктөбе және Жұмыскер станцияларына барып, шалғай елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмек көрсетті.
– Жалпы алғанда, 2445 адам қаралды. Оның ішінде 1109 бала және 1336 ересек бар. Тексерілгендердің 979-ы ер адам, 1466-сы әйел. Қабылданғандардың ішінде 678-і терапевтке, 319-ы хирургке, 301-і травматологқа, 499-ы кардиологқа, 568-і невропатологқа, 612-сі офтальмологқа, 509-ы ЛОР дәрігеріне, 559-ы акушер-гинекологқа, 554-і стоматологқа, 544-і педиатрға және 106-сы психологқа жүгінді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Науқастарға заманауи диагностикалық зерттеулер тегін жасалды. 368 адамға электрокардиография, 572 адамға ультрадыбыстық зерттеу, 284 адамға рентген, 516 адамға зертханалық талдаулар жүргізілді, сондай-ақ 11 әйелге маммография жасалды. Бұдан бөлек, 139 тіс жұлу және 10 шағын хирургиялық операция орындалды.
«Саламатты Қазақстан» пойызының арқасында мыңдаған ауыл тұрғыны өз үйлеріне жақын жерде сапалы медициналық көмек алды. Барлық қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында тегін көрсетілді.