Санавиацияның тікұшағымен Павлодарға жеткізілген науқасқа ота жасалуда
Ақ желеңділер 38 жастағы әйелді Екібастұздан тасымалдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» АҚ экипажы науқасты медициналық мекемеге жеткізу үшін Екібастұздан Павлодар қаласына санитарлық авиация рейсін орындады.
Әуе кемесінің бортында мамандандырылған медициналық көмекке мұқтаж әйел болды. Ол жедел түрде облыс орталығына жеткізіліп,одан әрі тексеру және ем қабылдауы үшін тиісті мамандарға тапсырылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, өтінім 24 қыркүйекте Екібастұз қалалық ауруханасынан түскен. Онда омыртқасынан жарақат алған 38 жастағы әйел Павлодар қаласының №1 ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта нейрохирургтер ота жасауда.
Айта кетелік, санитарлық авиация рейстері шалғай елді мекендерден науқастарды медициналық көмек көрсету үшін қысқа мерзімде жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе шұғыл медициналық көмек қажет болған жағдайда маңызды.