Семей медицина университетінің студенті дауыс беру үшін Павлодарға арнайы келді

Семей медицина университетінің студенті дауыс беру үшін Павлодарға арнайы келді
Фото: автор

Жақында 18 жасқа толған жас азамат №38 сайлау учаскесінде алғаш рет дауыс берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әлихан Базиев Семей медицина университетінің 1-курс студенті. Ол жалпы медицина мамандығы бойынша білім алуда. Сайлау өтетінін естіген бойда туған қаласына келуді ұйғарған. Қашықтан дауыс беру мүмкіндігі болғанымен, ол алғашқы сайлауына Павлодарда қатысуды жөн көріпті.

– Негізі қашықтан дауыс беруге мүмкіндік болды. Бірақ, өмірімде алғаш рет дауыс бергендіктен, туған қалама келуді жөн санадым. Ертең сабақ басталады, сондықтан бүгін қайта жолға шығамын. Біз, жастар, осы елдің болашағымыз. Сол себепті мұндай науқандарға белсене атсалысуымыз қажет, – деді Әлихан Базиев.

№38 сайлау учаскесінде жас сайлаушыға алғашқы дауыс беруіне орай естелік сыйлық табысталды. Мұнда Әлихан секілді кәмелет жасына толған өзге 18 тұрғын өз таңдауын жасамақ.

– Бүгін дауыс беруге келіп жатқан тұрғындардың басым бөлігі – жастар. Алайда егде жастағы азаматтар да белсенділік танытуда. Учаскеде дауыс берушілерге барлық қолайлы жағдай жасалған. Келушілердің көңіл- күйін көтеру үшін әуен қойып, естелік сыйлықтарымызды да таратудамыз. Ең бастысы, тұрғындар өз таңдауын еркін жасап, сайлау процесіне қатыса алады, – деді №38 сайлау учаскесінің төрағасы Шолпан Ахметжанова.

№38 сайлау учаскесінде барлығы 2254 сайлаушы тіркелген. Дауыс беру процесі белгіленген тәртіппен ұйымдастырылып, тұрғындар өз таңдауын жасауда.