Рамазан айында Ертіс ауданында дүкендер арақ-шарап сатуды тоқтатты
Аудан кәсіпкерлері ҚМДБ төрағасының үндеуін қолдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз қызметінің мәліметінше, бас мүфти хазірет Наурызбай қажы Тағанұлы жыл сайын Рамазан айында дүкендерде харам болып саналатын арақ-шараптың сатылмауын ескертіп, үндеу жасап келеді.
Ертіс ауданының кәсіпкерлері де сауапты іске атсалысып, ораза уақытында дүкендерде арақ-шарап сатуды тоқтатты. Игі іске «Иртыш» (Мұрат Абдалинов), «Арай» (Ерлан Кенжетаев), «Әділ» (Қалауиден Ибрагимов), «SARY» (Марат Қожанов), Ағашорын ауылындағы «Айдана» (Ербол Сайдахметов) дүкендері мен «Жұлдыз» мейрамханасы (Қ.Абенов) атсалысты.
– Үндеуге мән берген кәсіпкерлер қасиетті айда харамнан сақтанып, үлкен сауап алатыны Аллаға мәлім. Бір ай бойы жасаған жақсы амалдарына бақ-дәулет, береке, дәрежелері мың еселеніп қайтарылатыны хақ. Алла еш уақытта құлдарының игі істерін ескерусіз қалдырған емес. Рамазан айына құрмет көрсеткен бауырларға Алланың ризашылығы мен мейірім шапағаты нәсіп етсін. Келесі Рамазан айында мұсылман бауырлар саны өседі деген үміттеміз. Жақсы істің жаршысы болуға асығайық! – дейді баспасөз қызметінде.
Айта кетерлігі, ауданда мүлдем арақ-шарап сатпайтын дүкендер де бар. Олар: аудан орталығындағы «Камил», «Ахмет», «Фархат», «Аспан», «Ренат», Ағашорын ауылындағы «Нұрай» дүкендері.