Серік Ақылбай Ата заңға енгізілетін өзгерістер ауқымы туралы пікір білдірді

Серік Ақылбай Ата заңға енгізілетін өзгерістер ауқымы туралы пікір білдірді
Фото: ЖИ

Заңгердің айтуынша, жаңа редакцияда діннің мемлекеттен бөлінуі, ұлттық қауіпсіздік пен рухани құндылықтарды қорғау мәселелері нақтырақ реттелмек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Конституциялық комиссияның бесінші отырысында «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай Ата заңға ұсынылған түзетулердің маңызына тоқталды. Оның пайымдауынша, өзгерістердің тереңдігі қолданыстағы құжатты түзетуден де асып, шын мәнінде жаңа Конституция қабылдау туралы сөз қозғауға негіз болады.

Серік Ақылбайдың айтуынша, түзетулердің бұл жобасы конституциялық құрылыстың іргелі негіздерін қозғайтын нормалардың айтарлықтай жиынтығынан тұрады. Атап айтқанда, елімізде мүлдем жаңа институционалдық архитектура қалыптасуда: бір палаталы Парламент, Халық кеңесі, сондай-ақ Үкімет қызметінің, сот жүйесі мен құқық қорғау тетіктерінің жаңартылған модельдері енгізілмек.

– Ұсыныстардың ауқымы мен тереңдігін саралай келе, қолданыстағы Конституцияның жаңа редакциясы туралы емес, шын мәнінде жаңа Ата заң туралы айтқан жөн деп санаймын, – деді Серік Ақылбай. 

Оның пікірінше, бүгінде мемлекет пен қоғамның басқару тиімділігіне, құқықтық айқындық пен адам құқықтарын қорғауға қоятын талабы жоғары. Билік ұйымдастыру негіздерінің өзгеруі Қазақстанның конституциялық дамуының сапалы жаңа кезеңі басталғанын білдіреді.

Сонымен қатар заңгер жаңа Конституция мемлекеттіліктің негізгі құндылықтарының толық сабақтастығын және жинақталған құқық қолдану тәжірибесін ескере отырып, олардың дәйекті дамуын қамтамасыз ететінін атап өтті. Серік Ақылбай Конституцияда дінді мемлекеттен бөлуді тікелей бекіту бойынша жиынтық жобаға енген ұсынысын да еске салды.

– Қазақстан аумағындағы діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылатынын және конституциялық құрылыстың негіздерін қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығын, қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарын қорғау мақсатында шектелуі мүмкіндігін қосымша бекіту қажет деп санаймын. Мұндай толықтырулар идеяның түпкі мәнін ашады, – деді ол.

Бұған қоса, адвокатураның мәртебесіне қатысты норманы қосымша пысықтаудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, тұжырымдамалар барынша салмақты болуы және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету міндеттеріне толық сәйкес келуі үшін бұл бағытта әлі де жұмыс істеу қажет. 

Жалпы алғанда, Серік Ақылбай Комиссияның қазіргі бағытын оң бағалады.