Шарбақты ауданында үйі жанып кеткен отбасы баспаналы болды
Көпбалалы отбасыға пәтер сатып алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шарбақты ауданындағы Галкин ауылында өрт салдарынан Сара Құлманованың үйі толығымен жанып кетті. Декреттік демалыста отырған алты баланың анасы баспанасыз, қажетті заттарсыз қалды.
Облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Виталий Соломкин зардап шеккен отбасына пәтер сатып алып беруге шешім қабылдаған.
Көпбалалы отбасы көрсетілген көмек үшін үлкен алғысын білдірді.
– Балаларыммен қиын жағдайды бастан өткердік, бірақ қолдаудың арқасында қайтадан баспанаға қол жеткіздік. Бізге қамқорлық көрсеткен жанға алғыс айтқым келеді, – деді Сара Құлманова.
Сондай-ақ Виталий Соломкин тұрғын үйді барлық қажетті заттармен толық қамтамасыз етті. Жаңа пәтер жиһаз, тұрмыстық техника және ас үй ыдыстарымен жабдықталған.