Шарбақты колледжінің студенттері қоқыс контейнерлерін жасап шығарды
Жас мамандар әзірлеген алғашқы өнімдер сатылып, сатып алушылардан оң бағасын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шарбақты аграрлық-техникалық колледжінің «Дәнекерлеу ісі» мамандығында білім алып жатқан болашақ электр-газбен дәнекерлеушілер теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып келеді. Өндірістік оқыту шебері Ерлан Мақсұтұлының жетекшілігімен студенттер металл өңдеу, техникалық сызбаларды оқу және заманауи дәнекерлеу жабдықтарымен жұмыс істеу дағдыларын меңгеруде.
Колледжде қолға алынған өндірістік жоба аясында студенттер қоқыс контейнерлерін жасаудың толық циклін игеруде. Олар металды өлшеу мен кесуден бастап, бөлшектерді құрастыру, дәнекерлеу және дайын бұйымды әрлеуге дейінгі барлық кезеңге қатысады.
Мамандардың айтуынша, жоба студенттердің кәсіби шеберлігін шыңдап қана қоймай, оқу орнының өндірістік әлеуетін арттыруға да мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі таңда колледжде дайындалған бірнеше заманауи қоқыс контейнері сатылып кеткен. Сатып алушылар өнім сапасына жоғары баға берген.
Алдағы уақытта оқу орнында қоқыс жәшіктері мен түрлі металл конструкцияларын шығару көлемін ұлғайтып, өндірістік бағыттағы жобаларды кеңейту жоспарланып отыр.
Мамандардың пікірінше, мұндай тәжірибелік жұмыстар еңбек нарығында сұранысқа ие білікті жұмысшы мамандарды даярлауға және жастардың өндірістік тәжірибесін арттыруға жол ашады.