Шарбақты ауданында шағын дендросаябақ пайда болды
Жас көшеттер Шарбақты ауылындағы арнайы учаскеге отырғызылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шарбақты ауданы әкімдігінің мәліметінше, аудан орталығында «Шарбақты дендропаркі» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда. Жоба Шарбақты ауылында ағаш және бұта өсімдіктерінің топтамасын құруға бағытталған.
– Келешекте дендросаябақ оқушыларға экскурсиялар өткізетін, Шарбақты ауылын көгалдандыру үшін тұқым материалын жинау орнына және шағын тәлімбаққа айналатындығына сенімдеміз, – дейді аудан әкімдігінде.
С. Астаевтың басшылығымен Шарбақты ауылының бастамашыл тобы қыркүйек айында Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Павлодар облысының азаматтық Альянсы қауымдастығы» ЗТБ өткізген ҮЕҰ мен бастамашыл топтарға арналған шағын гранттар конкурсының жеңімпазы атанған.
Гранттың қаражатына 500 мың теңге көлемінде Павлодар және Семей тәлімбақтарынан жабық тамыр жүйесі бар көшеттердің 40 түрі сатып алынды. Белсенділер боз арша, емен, балқарағай, сағызқарағай, шырша, майқарағай, самырсын, жөке, өрік, жаңғақ және басқаларын әкелді.