Шарбақты ауданында жаңа медициналық пункт пайда болуы үшін не керек?

Шарбақты ауданында жаңа медициналық пункт пайда болуы үшін не керек?
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кездесуде өңір басшысы медициналық инфрақұрылымды жаңарту – басым бағыттардың бірі екенін атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Шарбақты ауданының тұрғындарымен кездесу барысында аймақта атқарылып жатқан инфрақұрылымдық жұмыстарды түсіндіріп, тұрғындардың сұрақтарын тыңдады. Кездесу кезінде Красиловка ауылының тұрғыны ауылға жаңа медициналық пункт салу мәселесін көтерді.

Бұл сұраққа жауап берген өңір басшысы соңғы үш жылда облыс бойынша ауылдық жерлерде 30 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілгенін атап өтті. Сонымен қатар, келесі жылы тағы 14 медпункт салу жоспарда екенін жеткізді.

Әкімнің айтуынша, жаңа нысан салу үшін алдымен жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуі тиіс. Кейін облыстық қаражатқа өтінім беріліп, Красиловкаға жаңа медпункт салуға мүмкіндігі қарастырылады.

– Біздің мақсатымыз – орындалуы қиын уәделер бермеу. Инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Соңғы жылдары барлық ауылдық округтерде санитарлық көліктер жүз пайыз жаңартылды, ауыл мектептеріне жаңа автобустар берілді, – деді Асайын Байханов.

Сонымен қатар ол өңірдегі 352 ауылдың 174-інде кіреберіс жол мүлде болмағанын, үш жыл ішінде 130 ауылға тас жол салынғанын айтты. Қалған елді мекендердің жолдары да жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жөнделуде.

Еске сала кетейік, Шарбақты ауданында денсаулық сақтау саласында барлық ауылдық округтерде санитарлық көлік және медициналық жабдықтар жаңартылды.