Павлодарда биыл есірткіге қатысты алпыстан астам адам ұсталды
Оның бесеуі – ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Арсен Айғазиннің айтуынша, жыл басынан өңірде есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысты 232 құқықбұзушылық тіркелген. 124 қылмыстық іс сотқа жіберілген. Заңсыз айналыммен айналысқан 67 адам ұсталды, оның бесеуі – ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері.
Қабылданған шаралар нәтижесінде 542 келіден астам есірткі құралдары, психотроптық және күшті әсер ететін заттар, сондай-ақ есірткі құрамдас өсімдіктер тәркіленді. Сонымен қатар, өсімдіктерді заңсыз өсіруге байланысты бес қылмыс анықталды.
– Бұдан бөлек, өңірге есірткі жеткізудің 11 арнасы жабылды. Сауда алаңдарында жұмыс істеген төрт интернет-дүкеннің қызметі тоқтатылды. Жаңа цифрлық шешімдердің арқасында мыңнан астам есірткі сайты бұғатталды. Тәртіп сақшылары 596 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтаған. Оның ішінде: қоғамдық емес жерде тыйым салынған заттарды қолдану – 199 дерек және есірткілік масаң күйде көлік басқару – 343 дерек, – деді Арсен Айғазин.
Айта кетейік, полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағытында «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыруды жалғастыратынын атап өтті.