Шарбақты ауданында Ғабдул-Уахит хазіреттің 170 жылдығы тойланды
Мерейтойға арналған шаралар екі күнге жалғасты, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz тілшісі.

Діни қайраткер Ғабдул-Уахит хазірет Тіленшіұлының 170 жылдығына арналған тойдың екінші күнгі шаралары Шарбақты ауданы Арбиген ауылының маңында орналасқан хазіреттің кесенесінің жанында өтті.

Мерекелік іс-шара қонцерттік қойылыммен басталды. Концерт барысында әншілер мен бишілер өнер көрсетіп, халықтың ыстық қошеметіне ие болды. Сахнада «Adai» күйшілер триосы, «Шернияз» би-ансамблі, Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрі өнер көрсетті.

Кесене маңында 20-дан астам киіз үй тігіліп, ас берілді. Облыс әкімі Асайын Байханов шара басында құттықтау сөз сөйледі.

- Рухани тұлғаны рухани құндылықтар тәрбиелейді. Сол рухани құндылықтарды қалыптастыру жолында Ғабдул-Уахит атамыздың сөзсіз орны ерекше. Атақты бабамыздың діни ой-толғамы мен ұстанымы қазақ халқының тарихында аса маңызды. Бүгінгі Ғабдул-Уахит атамыздың рухына бағышталған дұғаларымыз қабыл болсын! Рухани мәдениетіміздің мерейі әрқашан арта берсін,- деді аймақ әкімі.

Алаңда алтыбақан тебіліп, бие сауылып, қонақтар ұлттық дәстүрмен танысты. Сондай-ақ шеберлер жасаған ұлттық қолөнер бұйымдары сатылымға шығарылып, жұрт назарына ертоқым, қамшы, қолдан жасалған қуыршақ, ру таңбалары бейнеленген теңгелер ұсынылды.

- Таза былғарыдан бұйымдар жасаймын. Бүгін белбеу, ертоқым сынды бұйымдарды ала келдім. Мәселен, былғарыдан жасаған ертоқым 500 мың теңге тұрады,- дейді шебер Ержігіт Тоқтарұлы.

Сонымен қатар, қазақша күрес, арқан тарту, жілік сындыру, аударыспақ, қой қырқу, қолкүрес сияқты қазақтың ұлттық ойындары ұйымдастырылды. Қазақша күресте 60-тан астам балуан күш сынасты.

Тойдың соңы аламан бәйгемен аяқталды.

Еске салайық, Ғабдул-Уахит хазіреттің 170 жылдығына арналған шаралар бірінші күні ғылыми конференциямен және аймақтық ақындар айтысымен басталған болатын.

Мақсат Көлтай
Фото: Есенжол Исабек