Павлодарда Достық шағын ауданында жаңа мешіт салынады
Құрылыс 2025 жылы басталуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Естай атындағы мәдениет сарайында Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қала тұрғындарымен кездесуі барысында белгілі болды.
Тұрғындардың бірі былтыр кездесуде айтылған Сарыарқа шағын ауданында мешіт салуға жер бөлу туралы өтінішті еске салды.
Бұл ретте аймақ басшысы Сарыарқа шағын ауданында мешіт салатын жер жоқ, дегенмен, аталған шағын ауданнан алыс емес Қамзин көшесінен бір орын табылғанын жеткізді. Бүгінгі таңда Достық шағын ауданында мешіт салу бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол үшін жер учаскесі мен жомарт жүректі демеушілер де табылған. Сметалық құжаттама және жоба бойынша кездесу өткізілген. Жоба мемлекеттік сараптамаға өткізілген соң құрылыс қолға алынады.
– Ал енді Сарыарқа шағын ауданында құрылысқа атсалысатын мықты демеушілер керек. Жерді жобалап қойдық. Демеушілер бірінші кезекте Достық шағын ауданында салуды ұсынып отыр. Себебі, жаңа аудан және әуежайға бара жатқан жолда қонақтарға да ыңғайлы болады. Бұл ұсынысты қолдадық және 2025 жылы құрылысты бастау жоспарланып отыр, – деді Асайын Байханов.
Еске сала кетейік, Сарыарқа шағын ауданы тұрғындарының бірі мешіттің құрылысы үшін жер бөлуді өтінді.
Кездесу барысында Теміржолшылар кентінің тұрғындары балабақша салуды және техникалық су тартуды өтінген.