Шексіз спорт: Үздік спортшылар Павлодарда кездесті

Шексіз спорт: Үздік спортшылар Павлодарда кездесті
фото: автор

Облыс орталығында бірегей чемпионат өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Зияткерлік жарыс еліміздің 13 облысынан келген 80 спортшының басын қосты. Мүгедектігі бар азаматтар шексіз мүмкіндіктерін паш етуде. Бұл жолы көру қабілеті және тірек-қимыл аппараты бұзылған шахматшылар, сондай-ақ есту және көру қабілеті бұзылған дойбы ойыншылары ұлттық құрамаға ену мүмкіндігі үшін күресуде.

Жарыстың бас төрешісі Зинятқыз Нүсіпбаеваның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасындағы зияткерлік ойын түрлері қарқынды дамуда.

– Спортшыларымыздың жоғары деңгейдегі дайындығы –  көпжылдық еңбектің нәтижесі. Зағип жандар қоғамы 70 жыл бойы шахмат пен дойбы ойындарын дамытып келеді. Чемпионатқа келгендердің қатарында әлемдік турнирде бақ сынаған азаматтар баршылық. Ал сурдодойбы бойынша жеңіске жеткен спортшы Түркияда өтетін байрақты бәсекеге жолдама алуы мүмкін, – дейді Зинятқыз Нүсіпбаева.

Қазіргі уақытта зияткерлік ойынды хобби ғана емес, өмірлік стильге айналдырған жастар жетерлік. Дойбыдан Қазақстанның екі дүркін чемпионы Диляра Асайынова дойбыға 10 жыл бұрын қызыққан. Содан бері жаттығуларын тоқтатпаған.

– Дойбы стратегиялық ойлау қабілетін дамытады. Елімізде дойбының 64 және 100 шаршылы түрінен чемпионаттар өтеді. Аптасына екі рет жаттығамын. Павлодардан тыс жерде болсам, тәлімгерім тапсырмалар жолдайды. Мен нәтижелерін онлайн режимде жіберемін. Онлайн дойбы да бар. Оның жүрістері әріп және сандармен белгіленеді. Бұл – өте ыңғайлы, – дейді дойбышы.

Ал Марьян Докучаев шахматты атасының кеңесі бойынша таңдаған. Жеткіншек бес жыл ішінде республикалық және облыстық жарыстарға қатысып жүр.

– Мен шахматты сағаттап ойнай аламын. Ең ұзақ кездесуім алты сағатқа созылды. Әлем чемпионы Магнус Карлсен айтқандай, «Шахмат — екі ойдың күресі», – дейді Марьян.

Чемпионат қорытындысы бойынша үздік спортшылар Қазақстанның ұлттық құрамасына қабылданады. Сонымен қатар, әлемдік додаларға қатысу мүмкіндігіне ие болмақ. Айта кетейік, биылғы жылдың маусымында Сербияда шахмат олимпиадасы, ал шілдеде Үндістанда әлем чемпионаты өтеді. Сонымен қатар, мамырда Түркияда дойбы бойынша чемпионат ұйымдастырылмақ.