Шылым шеккен: Павлодар облысында өртте екі адам қаза тапты
Екі жағдайда да төсек -орында темекі шегу өрттің шығуына себеп болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірде жылу маусымы басталғалы жеке меншік тұрғын үй секторында 32 өрт тіркелді. 1 қазан - 6 желтоқсан аралығында тіркелген оқыс оқиғалар салдарынан екі адам көз жұмып, екі адам жарақаттанды.
Алғашқы өрт 9 қазанда Ақтоғай ауданының Мүткенов ауылында болған. Жер үйде 72 жастағы зейнеткер әйел көз жұмды. Ал 20 қарашада Павлодар қаласында 44 жастағы ер адам қайтыс болды. Екі жағдайда да өрттің себебі – шылым шегу.
– 12 тұрғын электр құралдарын пайдалану және монтаждау ережелерін бұзды. Мысалы, үйде қолдан жасалған электр жылыту құрылғыларын, зақымдалған оқшаулаумен электр сымдарын пайдалану, ақаулы электр розеткаларын пайдалану және электр желісіне жүктеменің арту фактілері болды. Өрттердің негізгі себептеріне пеш құралын пайдалану және орнату барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу және балалар тентектігі де жатады, – деді облыстық ТЖД бастығы Рустамбек Амрин.
Оның сөзінше, өткен жылдың салыстырмалы кезеңіне қарағанда өрт саны 14,2 пайызға өсті. Өрттерден келген материалдық шығын 9 миллион теңгеден асып кетті. Бұл – былтырғы жылдың салыстырмалы кезеңіне қарағанда 37 пайызға артық.