Павлодарлық кәсіпкер рұқсат құжаттарынсыз жерге кабельдік желі төсеген

Сондай-ақ, сол аумақтағы ағаштарды кескен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі санкцияланбаған қазбаларды анықтау тұрғысынан облыс орталығында тұрақты негізде мониторинг жүргізеді.
Нәтижесінде, 6 ақпанда Орталық өнеркәсіптік аймақ көшесі, 159 мекенжайында орналасқан учаскеде кабельдік желіні төсеу бойынша жер жұмыстарын жүргізу фактісі анықталған.
– Осы учаскеде жер жұмыстарын жүргізуге рұқсат құжаттары берілмеді. Тексеру барысында жұмыстарды жүргізу орны қоршалмағаны, белгіленген үлгідегі белгілер мен жарықтандыру жоқ екендігі анықталды. Жасыл желектерді, яғни ағаштарды кесу жұмыстары да жүргізілген, – деді қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінде.
Осыған байланысты, қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс қадағалауы және полиция басқармасы атына ЖШС қатысты «рұқсат құжаттарынсыз қазу» 309-бабына және ҚР ӘҚБтК-нің жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпеу және абаттандыру қағидаларын бұзу бөлігінде 631 және 505-баптарына сәйкес әкімшілік сипаттағы шараларды қабылдау үшін материалдар жіберілген.
– Сонымен қатар, зерттеу барысында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілгеннен кейін пайда болған құрылыс қалдықтары мен топырақты рұқсат етілмеген жерге жинау фактісі анықталды. Осыған байланысты, басқа ЖШС-ге қатысты да Павлодар қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс қадағалауы және полиция басқармасына материалдар жіберілді, – деді бөлімде.
Павлодар қаласының әкімдігі рұқсат құжаттарынсыз қазу, жер жұмыстарын жүргізу кезінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпеу, сондай-ақ, ол үшін белгіленбеген жерлерде құрылыс қоқыстарын орналастыру ҚР ӘҚБтК сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын еске салады. Айыппұл сомасы 10-нан 300 айлық есептік көрсеткішке дейін құрайды.