Сириядағы жер сілкінісінен зардап шеккендер саны артты
Сирия Денсаулық сақтау министрлігінің жаңартылған мәліметтеріне сәйкес, Түркияда болған жер сілкіністерінен Сирия билігі бақылауындағы аумақтарда 812 адам қаза тауып, 1449 адам жарақат алды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлайды.
Негізгі қирау Алеппо, Латакия, Хама, Тартус провинцияларында және Идлиб аймағының ауылдық жерлерінде болды.
«Барлық мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелер ескертулер мен қоңырауларға жауап беруде, ал медицина қызметкерлері қызу жұмыс істеуде. Кейбір провинцияларда үздіксіз әрекет ету шаралары үйлестіріліп жатыр», - деді Сирияның Денсаулық сақтау министрлігінен.
Зардап шеккен аймақтарға жедел жәрдем көліктері мен жылжымалы клиникалар, соның ішінде Сириялық Араб Қызыл Кресті жөнелтілуде. Сирияның қан және медициналық өнеркәсібі Бас ұйымы барлық азаматтарға қан тапсыру ұсыныстары үшін алғыс айтып, қан банктерінде барлық қан тобының жеткілікті мөлшері бар екенін мәлімдеді.
«Ақ каскалылар» атауымен белгілі Сирияның азаматтық қорғанысы үкіметтік емес ұйымының құтқару тобы Сирияның солтүстік-батысында 29 сағаттан астам ауыр жағдайда іздеу-құтқару жұмыстарының жалғасып жатқанын, 790-нан астам адам қаза тауып, 2200-ден астамы жарақат алғанын хабарлады. Ұйым өз бригадаларының үлкен күш салып жатқанын, бірақ олар апаттың толық ауқымына әлі атай алмай отырғанын айтады, өйткені жүздеген адам әлі үйінділер астында қалып отыр.
Сирияда Адам құқықтарын бақылау мониторинг орталығының (SOHR) мәліметінше, елде барлығы 1597 адам қаза тапқан.
Сирия президенті Башар Асад Иран, Ресей, БАӘ, Оман, Алжир, Бахрейн, Иордания, Қытай, Беларусь, Палестина және Ирак басшыларынан телефон қоңыраулары мен Сирияға көңіл айту және ынтымақтастық жеделхаттарын алды. Сонымен қатар, Ливан, Кувейт, Тунис, Сауд Арабиясы және Ватикан сынды аймақтағы бірқатар елдер сыртқы істер министрлері елге қолдау білдірді.
Араб мемлекеттері лигасының Бас хатшысы Ахмед Абул Гейт шын жүректен көңіл айтып, әлемдік қауымдастықты табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек көрсетуге шақырды, деп хабарлайды сириялық Al-Watan газеті.
БАӘ президенті Мұхаммад бен Заид Әл Нахайян Сирияда далалық госпиталь ашуға және елге іздеу-құтқару тобы мен гуманитарлық көмек жіберуге бұйрық берді.
Ресей Сирияға кинологтер, құтқарушылар және арнайы техникасы бар Төтенше жағдайлар министрлігінің 2 ұшағын жіберді. Сонымен қатар, жер сілкінісінің салдарын жою жұмыстарына Сириядағы ресейлік бір топ әскер тартылды. Бір күн бұрын Сириямен көршілес Ирак әуе күштерінің С130 ұшағы Сирияға азық-түлік, дәрі-дәрмек және гуманитарлық көмек жеткізгенін, ал Ирак Сыртқы істер министрлігі Сирияға гуманитарлық көмек жөнелту үшін әуе көпірі ашылғанын хабарлады.
Сейсенбі күні таңертең Алеппо әуежайына Алжир ұшақтары қонды. Сондай-ақ, Ливан инженерлік полктің 15 әскери қызметкерін Сириядағы іздеу-құтқару жұмыстарына қатысу үшін жіберетіні хабарланды. Израиль премьер-министрі Б.Нетаньяху Израильге дипломатиялық арналар арқылы Сирияға көмек көрсету туралы өтініштер түскенін, көмек көрсетілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды The Times of Israel.
Осы арада, сириялық БАҚ Сириядан мұндай өтініш болғанын жоққа шығарды. Мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Нед Прайс дүйсенбіде АҚШ-тың Сирияға көмекті үкіметтік емес ұйымдар арқылы, Сирия президенті Башар Асадтың үкіметімен өзара әрекеттеспей-ақ жеткізетінін айтты, деп хабарлайды Al-Jazeera.
Фото: aa.com.tr