Станция макеті: Павлодарда техникалық мамандықтарды айшықтайтын көрме ашылды

«Жұмысшы мамандықтар» көрмесінде 30-ға жуық кәсіпорын мен колледж жастарға өз мүмкіндіктерін ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда Халықаралық жастар күні мен Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ауқымды форум және «Жұмысшы мамандықтар» көрмесі өтті. Шараға өңірдің 30-ға жуық кәсіпорны мен колледжі қатысып, техникалық және өндірістік салалардағы мүмкіндіктерін, заманауи технологияларын және оқыту бағдарламаларын таныстырды.
Павлодар техникалық сервис колледжінің арнайы пән оқытушысы Нұрбек Балтабеков биылдан бастап білім ордасында «Автомобильге техникалық қызмет көрсету және пайдалану», «Токарлық іс», «Дәнекерлеу ісі» және «Машина жасау» мамандықтары бойынша мамандар даярланып жатқанын атап өтті.
– 2024 жылғы қорытынды бойынша түлектердің 80%-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар 13 түлек Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Студенттер өндірістік тәжірибені «Қазақстан Алюминийі», «Ақ жол», «Акцент», «Литон», «Кастинг», «KSP Steеl» сияқты ірі кәсіпорындарда өтейді, – деді ол.
Көрмеде колледж оқытушылары автомобиль диагностикасын жүргізу, OBD-II сканерін пайдалану, қозғалтқыш пен беріліс қорабын тазалау, форсункаларды күтіп-баптау әдістерін келушілерге іс жүзінде көрсетті.
«ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясы көрмеге өз нысанының көлемді макетін алып келді. Компанияның корпоративтік коммуникациялар жөніндегі маманы Мирхат Базарбек станцияның 1968 жылы іске қосылғанын және макеттің кәсіпорын музейінде сақталып, қонақтарға үнемі таныстырылатынын айтты.
– Форумға өңірдің барлық ірі кәсіпорындары шақырылды. Әрқайсысы өз өнімін немесе технологиясын көрсетті. Біз турбина макетін ұсынып, станция жұмысын жан-жақты түсіндірдік, – деді ол.
Қазақстандағы ең ірі көмір өндіруші кәсіпорындардың бірі – «Богатырь Көмір» ЖШС бүгінде 6 660 адамды жұмыспен қамтып отыр, олардың 1 031-і – 35 жасқа дейінгі жас мамандар. Компания өкілдерінің айтуынша, жас қызметкерлер үшін пайызсыз несие, әлеуметтік қолдау және кәсіби даму бағдарламалары қарастырылған.
Көрмеге кәсіпорын дәнекерлеу аппараты, нивелир, гидравликалық экскаваторлар мен автосамосвалдардың макеттерін әкелді. Сондай-ақ маркшейдерлік жұмыстарда қолданылатын GPS-ровер құрылғысы таныстырылды. Бұл құрал жер бедерін өлшеуге және техниканың қозғалысын дәл бақылауға мүмкіндік береді.
Көрме барысында жастар тек көрермен болып қана қоймай, өздері қызыққан мамандықтар туралы тікелей кәсіпорын өкілдерінен сұрап, кейбір техникаларды өз қолдарымен сынап көрді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың техникалық білімге қызығушылығын арттырып қана қоймай, болашақ мамандық таңдауына да оң әсер етеді.