Павлодарда 300-ден астам балғын өнер көрсетті
«Бүлдіршін» мектепке дейінгі балалар шығармашылығының ХXIV облыстық фестивалінің гала-концерті өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасы мен М. Катаев атындағы оқушылар сарайының мұрындық болуымен өткізілген гала-концертте Гран-при және бірінші орын иегерлерінен 310 кішкентай әртістің қатысуымен үздік 34 нөмір ұсынылды.
Фестивальге облыстық кезеңнің ІІІ іріктеу турынан өткен балабақшалар, шағын орталықтар мен жалпы білім беру мектептерінің мектепалды сыныптарының тәрбиеленушілері қатысты.
– Фестиваль бағдарламасына вокалдық орындау, хореография, балалар оркестрі, көркемсөз кірді. Мектепке дейінгі балалар шығармашылығының көп жанрлы облыстық фестивалі жыл сайын үш кезеңде өтеді, – деді қалалық білім беру бөлімінде.
Айта кетейік, облыстық кезеңге 929 бала қатысып, 146 нөмір ұсынылды. Қазылар алқасының шешімі негізінде 84 нөмір жеңімпаз және жүлдегер атанды: Гран-при – төрт, І орын – 30, ІІ орын – 33, ІІІ орын – 18 нөмір.
Барлық жеңімпаз және жүлдегер балалар сыйлықтармен, педагогтер дипломдармен марапатталды. Фестивальға қатысқан әр бүлдіршін көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.