Су тасқыны мен ірі өрттерді ауыздықтаған павлодарлық құтқарушы «Ерлігі үшін» марапатталды
Облыстық ТЖД қызметкері Ақжол Сағынбай «Тәуелсіздік ұрпақтары» сыйлығының «Ерлігі үшін» номинациясы бойынша лауреат атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Адамдарды құтқару және төтенше жағдайларды жою кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін марапатталған Ақжол Сағынбай – Павлодар қаласындағы № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері. Ол 2001 жылы Ақмола облысының Щучинск қаласында дүниеге келген.
Ақжол Сағынбай бұл салада төрт жылдан астам уақыт адал қызмет етіп келеді. Оның бұл мамандықты таңдауына мектеп қабырғасында куә болған оқиғасы себеп болған.
– Мектепте оқып жүргенімде көршілес алтыншы қабаттағы пәтерден өрт шықты. Өрт сөндірушілердің шапшаң әрі батыл әрекетін, адамдарды қалай құтқарғанын көріп, таңғалдым. Сол сәтте өзіме «Мен де өрт сөндіруші боламын» деп сөз бердім. Сол арман мені Мәскеу өртке қарсы қызмет академиясына алып келді. Онда бес жыл білім алып, мамандықты толық меңгеріп шықтым, – дейді Ақжол.
Еңбек жолында Ақжол Сағынбай тек Павлодар қаласындағы өрттерді сөндіріп қана қоймай, республикалық деңгейдегі ірі төтенше жағдайларды жоюға да белсене қатысты. Ол Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқынының зардаптарын жоюға, Абай облысындағы ірі орман өртін ауыздықтауға қатысқан. Қызмет еткен жылдары ішінде кейіпкеріміз төтенше жағдайлардан жалпы саны 15 адамды, оның ішінде сегіз баланы аман алып қалды.
«Ерлігі үшін» номинациясын алуға негіз болған оқиға осы жылдың тамыз айында Павлодар қаласында орын алды. Радиостанцияға көпқабатты тұрғын үйдің бесінші қабатынан өрт шығып, іште адамның қалып қойғаны туралы дабыл түскен.
Өрт сөндіру тобы оқиға орнына жеткенде, пәтердің ортасы лаулап жанып, шығу бағыттары толықтай бұғатталғаны белгілі болды. Тұрғын балконға шығып, көмекке шақырған. Ақжол Сағынбай тез арада шешім қабылдап, іске кіріскен. Өрт өршіп тұрған қауіпті сәтте ол азаматты өрт пен түтіннен өз денесімен қорғап, оған құтқару маскасын кигізген. Содан соң автосатының көмегімен оны далаға аман-есен түсіріп, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.
Кәсіби құтқарушы өзінің артынан еріп келе жатқан жастарға да өз кеңесін айта кетті.
– Бұл саланы таңдайтын жастар ең алдымен сабырлы, кез келген жағдайда суыққанды болуы керек. Физикалық дайындық пен білім өте маңызды. Және ең бастысы – адамдарға көмектесуге деген шынайы ниет болуы тиіс. Ынта болса, кез келген мақсатқа жетуге болады. Ал өзімнің болашақтағы жоспарым – кәсіби шеберлігімді одан әрі арттырып, мансаптық сатылармен өсіп, еліме адал қызмет ете беру, – дейді құтқарушы.
Қызметімен қатар, Ақжол спортта да айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Ол 12 жыл бойы джиу-джитсумен кәсіби түрде айналысып, 2018 жылы Азия чемпионы атанған. Сондай-ақ, спорт шеберіне кандидат атағы бар, грэпплингтен Қазақстан кубогының чемпионы және ел чемпионаттарының жүлдегері.