Павлодар облысында мыңнан астам киберқылмыс тіркелді

Павлодар облысында мыңнан астам киберқылмыс тіркелді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Киберқылмыстарға қатысы бар деген күдікпен оннан астам адам ұсталды, олардың алтауы – кәмелетке толмағандар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ризабек Жанаттың мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 1166 киберқылмыс тіркелген.

«Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер 66 мобильді құрылғы, 225 SIM-карта, 11 банк картасы және екі SIM-box құрылғысын тәркіледі.

1 шілдеден 30 қыркүйекке дейін облыста «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Оның барысында үш байланыс активаторы анықталып, ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан бір адам ұсталды. Сондай-ақ 35 SIM-карта, 21 банк картасы және сегіз абоненттік құрылғы тәркіленді.

– SIM-карталар мен SIM-box құрылғыларын іске қосумен және заңсыз сатумен айналысатын тұлғаларды анықтау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде, – деді Ризабек Жанат.

Интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін полицейлер кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесіп, елді мекендерде үй-үйді және пәтер-пәтерді аралауда. Сондай-ақ банктермен, «Қазақтелекоммен» және риэлторлармен бірлескен жұмыс жүргізілуде.

Полиция тұрғындарға жеке деректер мен SMS арқылы келген растау кодтарын бөгде адамдарға бермеуді, күмәнді сілтемелерге өтпеуді және белгісіз қосымшаларды орнатпауды ескертеді.