Суармалы алқаптар Успен ауданындағы шаруашылықтың өрісін кеңейтті
Фермерлер заманауи агротехнологиялардың жемісін көруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров «Галицкое» шаруа қожалығындағы егін жинау науқанының барысымен және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуымен танысты.
Шаруашылық басшысы Александр Касицинның айтуынша, кәсіпорын суармалы егіншілікпен 10 жылдан астам уақыт айналысады. Алғашқы 350 гектар суармалы жер бірнеше жыл бұрын іске қосылған. Қазір суармалы алқаптардың көлемі 1600 гектарға жетті. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 2100 гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
– Суару біз үшін өте маңызды. Өйткені мал азығы базасынсыз сүтті мал шаруашылығын дамыту мүмкін емес. Жерасты суларын пайдаланамыз. Ұңғымалардың тереңдігі - 800–850 метр. Ең үлкен шығын – ұңғымаларды бұрғылау. Бір ұңғыманың құны шамамен 110 миллион теңге. Бірақ бұл шығын өзін ақтайды. Қазір 25 ұңғыма жұмыс істеп тұр, – деді шаруашылық басшысы Александр Касицин.
Шаруашылықта картоп жинау аяқталуға жақын. Мал шаруашылығына 20 мың тонна сүрлем және 11 мың тонна пішендеме дайындалды. Сондай-ақ жоңышқа мен біржылдық шөптердің қоры жасақталды. Шаруашылықтағы ірі азық қоры шамамен бір жарым-екі жылға жетеді.
Кәсіпорын өңірде өндірісті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды алғашқылардың бірі болып белсенді пайдалана бастаған. Мұнда мал басы 3000 бастан 5500-ге дейін өскен.
– Біз мемлекеттік бағдарламаларды 2003 жылдан бері пайдаланып келеміз. «ҚазАгроҚаржы» компаниясының қолдау тетіктерімен алғашқылардың бірі болып жұмыс істей бастадық. Биыл «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарына 500 миллион теңге алдық. Бұл қаражатты, оның ішінде тұқым қорын жаңартуға бағыттадық, – деді Александр Касицин.
Шаруашылықта кәсіпорынның дамуы ауылдың әл-ауқатымен тығыз байланысты деп есептейді. Қызметкерлер мен ауыл тұрғындарына әлеуметтік қолдау көрсету де кәсіпорын жұмысының маңызды бағыттарының біріне айналған.
Соңғы жылдары ауылда 63 пәтер салынды. Үйлер су және жылу жүйесіне қосылған, кәріз жүйесі жұмыс істейді. Төрт мектепте 11-сыныпқа дейінгі оқушыларға тегін тамақ беріледі. Үздік оқушыларға шәкіртақы тағайындалған. Жас мамандарға баспана беріліп, оны жабдықтауға көмек көрсетіледі.
– Біз үшін әлеуметтік жауапкершілік – өмір салты. Қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты азайту қажет деп әрдайым санадық. Сондықтан Галицкое ауылын назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Бүгінде 380 адам жыл бойы тұрақты жұмыс істейді, – деді фермер.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Павлодар облысы аграршыларының еңбегіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, агротехнологияларды сақтау және мемлекеттік қолдау шаруашылықтарға өнім алуға мүмкіндік береді.
– Республика бойынша егіннің шамамен 60 пайызы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 14,1 центнерді құрайды. 14 миллион тонна астық бастырылды. Павлодар облысында белгілі бір қиындықтар бар. Дегенмен агротехнологияларды сақтау арқылы аграршылар жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр. Мемлекет тарапынан қажетті жағдайлар жасалған – бағдарламалар мен басқа да жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері жұмыс істейді, – деді министр.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, ел бойынша 9,8 миллион гектар алқап жиналды. Шаруалар көкөніс, картоп және майлы дақылдарды жинауды жалғастырып жатыр. Республика бойынша қазірдің өзінде шамамен 1 миллион тонна күнбағыс бастырылды. Жалпы 5 миллион тоннаға жуық тұқым жинау жоспарланып отыр.
Айдарбек Сапаров Қазақстанда майлы дақылдарды өсіруге қызығушылық артқанын атап өтті. Жоғары сұраныс пен өнім бағасына байланысты бұл бағыт фермерлер үшін басым бағыттардың бірі болып отыр. Соңғы жылдары майлы дақылдар егілетін алқап көлемі 600 мың гектардан 5,2 миллион гектарға дейін ұлғайған.