Қазақстанда паллиативтік көмекке қолданылатын дәрілер тізімі кеңейді

Сондай-ақ стационарлар мен мобильді бригаданы қаржыландыру көлемі арттырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда паллиативтік көмек көрсетуді жақсарту мақсатында қолданылатын дәрілік препараттардың тізбесі енді 18 атауды қамтиды.
Сондай-ақ, министрлік стационарларда паллиативтік көмек көрсету тарифін және көшпелі мобилдік бригадаларды қаржыландыру көлемін ұлғайтты. Бұл шаралар пациенттер үшін көмектің қолжетімділігін арттырып, паллиативтік қызмет инфрақұрылымын нығайтуға мүмкіндік береді.
– Бүгінде елімізде жалпы саны 2 087 паллиативтік төсек-орын орналастырылған, оның 81-і балаларға арналған. Барлық 20 өңірде 220 мобилдік бригада жұмыс істейді. Паллиативтік көмек көрсететін тоғыз дербес мекеме Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Абай, СҚО және ШҚО-да жұмыс істейді, – деді министрліктің баспасөз қызметі.
Мұндай қолдауды қажет ететін пациенттердегі аурулардың құрылымы әртүрлі болып келеді:
- Онкологиялық аурулар – 41%;
- Жүрек-қан тамырлары – 27%;
- Тыныс алу ағзаларының аурулары – 12%;
- Жарақаттар – 11%;
- Туберкулез – 2%.
Министрлікте атап өткендей, қазіргі уақытта паллиативтік көмекті ұйымдастырудың жаңа ұлттық стандарттары әзірленуде. Бұл тәсілдерді біріздендіруге, қызметтердің сапасы мен мультидисциплинарлық командалардың тиімділігін арттыруға бағытталған. Әсіресе, маңызды қадамдарды талап ететін сала – балалар паллиативіне ерекше назар аударылады.