Павлодар облысында жыл басынан бері үш мыңға жуық жұп шаңырақ көтерді

Павлодар облысында жыл басынан бері үш мыңға жуық жұп шаңырақ көтерді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Неке қиюға деген белсенділік жаз мезгілінде байқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанда жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде отбасы құндылықтарын дәріптеп, жанұядағы өзара түсіністік пен қолдаудың маңызын айқындайтын Отбасы күні атап өтіледі. Осы айтулы мереке қарсаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздегі неке қию көрсеткіштеріне қатысты статистиканы ұсынды.

2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда 74 648 неке ресми түрде тіркелді. Оның ішінде Павлодар облысында 2 949 неке қиылды. Оның жартысынан астамы жаз айларына тиесілі. Неке қиюға деген белсенділік жаз мезгілінде артып, дәл осы кезеңде көптеген жұп отбасын құру туралы шешімін ресми түрде бекіткен. 

–  АХАТ функциялары 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Мемлекеттік корпорацияға берілді. Содан бері біздің қызметкерлер шамамен 400 мың неке тіркеп, бір миллионнан астам туу туралы куәлік берді. Әрбір көрсетілген қызметтің артында азаматтардың өміріндегі маңызды оқиғалар тұр. Сондықтан біз қызмет көрсету үдерістерін жетілдіруге, цифрлық сервистерді дамытуға, мемлекеттік қызметтерді азаматтар үшін барынша ыңғайлы, қолжетімді және сапалы етуге басымдық беріп келеміз, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.

Еліміздің барлық өңірінде шаңырақ көтеріп, жаңа отбасы құруға деген ұмтылыс жоғары. Дегенмен, неке қию көрсеткіші бойынша ірі қалалар мен халық тығыз орналасқан өңірлер алдыңғы қатарда. Ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында тіркеліп, мұнда 12 344 неке қиылған. 

Биыл маусым айы неке қию көрсеткіші бойынша көш бастады. Осы кезеңде 15 мыңнан астам жұп өз қарым-қатынасын ресми түрде рәсімдеген. Жалпы, жаз айларында елімізде 38 мыңнан астам жұп отбасын құрды. Бұл 2026 жылдың сегіз айында қиылған некелердің жалпы санының жартысынан астамын құрайды. Ал Павлодар облысында жаз мезгілінде 1 612 жұптың некесі тіркелді.

Неке тіркеу – азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің бірі. Неке тіркеуге өтінішті тіркеуші органға тікелей жүгіну арқылы, электронды үкімет порталы арқылы онлайн форматта, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады.