Түнгі уақытта ата-анасыз қыдырған павлодарлық жасөспірімдерге ескерту жасалды

Оның салдарынан заңды өкілдері айыппұл алып қалуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Оңтүстік полиция бөлімі қызметкерлері кәмелетке толмағандардың арасындағы құқықбұзушылықтарды анықтау мақсатында түнгі рейд жүргізді.
Мұндай іс-шаралар жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға емес, олардың жолын кесуге және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
– Мәселен, Павлодарда түнгі уақытта кәмелетке толмағанның ересектердің қарауынсыз көшеде жүргені анықталды. Кәмелетке толмаған бала ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында немесе тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүргені үшін ата-анасына ескерту жасалды. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары балаға бақылауды күшейту қажеттілігі мен заң нормаларын түсіндірді, – деді Оңтүстік полиция бөлімінің ЖПҚ бастығы Берік Каткенов.
Полиция ата-аналарға балалардың түнгі уақытта қоғамдық орындарда болуына жауапты екенін еске салады және азаматтарды өз балаларының қауіпсіздігіне мұқият қарауға шақырады.