Павлодарда көлігіне жалған нөмір таққан жүргізуші жазаланды
Осылайша ол бейнебақылауларды алдауға тырысқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, павлодарлық жүргізуші өзінің Тойота маркалы көлігіне жалған нөмірлік белгі орнатқан.
- Бұл бұзушылықты патрульдік полиция батальонының полицейлері анықтады. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігі бойынша көрінеу жалған нөмірлік белгілері бар көлік құралын басқарғаны үшін әкімшілік хаттама жасады. Материал сотқа жіберілді. Нөмірлік белгілер алынып, автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды, -делінген хабарламада.
Батальон полицейлері тек облыс орталығында тәулік бойы аулалар мен көшелерді патрульдеуді жүзеге асырады. Тәулігіне 100-ге жуық құқық бұзушылықтың жолын кеседі. Оның жартысы жол қозғалысы ережелеріне тиесілі.
- Жүргізушілердің арасында бұзушылықтарды видеофиксациялау жүйелерін алдау үшін әртүрлі заңсыз амалдарға баратындар да бар. Кейбіреулер жалған нөмірлерді орнатса, ал басқалары мемлекеттік тіркеу нөмірлерін жасырудың әртүрлі әдістері мен тәсілдерін қолданады. Бірақ мұндай әдістер заңсыз және олар үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз, - дейді тәртіп сақшылары.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының санкциясы 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуды немесе 1 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айыруды көздейді.