Павлодарда Қуат Әбусейітовтің 100 жылдығына арналған кеш өтеді
Іс-шара барысында көрнекті тұлғаның өмірі мен шығармашылығы кеңінен насихатталып, деректі фильмдеріне шолу жасалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
12 ақпан күні белгілі кинорежиссер, қазақ кино аудару өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қуат Әбусейітовтің мерейтойына орай «Алып өнердің асыл нары» атты әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылады. Іс-шараны Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі өткізеді.
– Қуат Әбусейітов 1925 жылы 6 желтоқсан күні Баянауыл ауданының Қызылтау өңірінде дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын облыстық қазақ драма театрынан бастайды. 1943 жылы Алматыдағы актерлер дайындайтын киномектепке оқуға түсіп, 1947 жылы үздік бағамен тәмамдаған. «Қазақфильм» киностудиосында режиссердің ассистенті, кейін дубляждің режиссері болып, қызмет атқарды, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Режиссер 30-дан астам телевизиялық фильм түсіріп, 500-ге жуық фильмді қазақ тіліне аударған. Оның шығармашылығында Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді белгілі тұлғалар туралы деректі фильмдер ерекше орын алады.
Сонымен қатар, Қуат Әбусейітов әйгілі жазушы Дихан Әбіловпен бірге екі сериялы «Ақын арманы», Ермек Серкебаев жайлы «Бәрі сен үшін», «Сераға», «Ғалым ауылында» сияқты хроникалық фильмдер түсірді.
Кеш барысында «Менің өлкем» атты бейнеролик байқауының жеңімпаздары марапатталып, жергілікті әнші-домбырашылардың орындауында әндер шырқалады. Сондай-ақ, кинорежиссердің жеке заттары мен құжаттары қойылған шағын көрме ұйымдастырылады.
Іс-шара Қуат Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында өтеді.