Тарихты «жандандыратын» технология: Павлодар музейлері келушілерді немен таңғалдыруда?

Тарихты «жандандыратын» технология: Павлодар музейлері келушілерді немен таңғалдыруда?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар облысында музей саласына жасанды интеллект технологиялары белсенді енгізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірдегі Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінде жасанды интеллект және мультимедиа технологиялары кеңінен қолданылуда. 

Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның айтуынша, бұл жаңашылдық музей жұмысын жаңа сапалы деңгейге көтерген.

– Цифрлық технологияларды пайдалану мекемелердің жұмысын сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. ЖИ күнделікті үдерістерді автоматтандыруға, жеке тұлғаға бейімделген экскурсиялар жасауға, экспозициялардың интерактивтілігін арттыруға және дәрістер мен білім беру бағдарламаларына материалдар дайындауды жеңілдетуге көмектеседі, – дейді басқарма басшысы.

Жасанды интеллектті енгізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Бұқар жырау атындағы музейде бұл бағыттағы жұмыс 2024 жылдан басталса, Г.Потанин атындағы музейде 2025 жылдан қолға алынған.

Бүгінде музейлерде мәтіндер мен сценарийлер әзірлеуге арналған ЖИ-көмекшілер, сондай-ақ бейне контент жасауға мүмкіндік беретін CapCut және басқа да заманауи құралдар қолданылуда. Сонымен қатар, Бұқар жырау музейінде өңірдің тарихи-мәдени мұрасын картаға түсіруге арналған TARIH.MAP бағдарламасы әзірленіп жатыр.

Г.Потанин атындағы музейде жасанды интеллект экскурсиялар мен дәрістерге арналған жекелендірілген мәтіндер құрастыруға, музей қорларын цифрландыруға, бейнереконструкциялар мен интерактивті контент жасауға, сондай-ақ ғылыми-ағартушылық материалдарды дайындау барысында ақпаратты жинау, талдау және жүйелеуге пайдаланылады.

Ал Бұқар жырау музейінде технологиялардың көмегімен тарих «жанданып» келеді. Голографиялық жүйелер арқылы Бұқар жыраудың бейнесі 3D форматта ұсынылып, келушілерге ерекше әсер сыйлайды. Сонымен қатар, жасанды интеллект қордағы бірегей аудиожазбаларды қалпына келтіріп, қолжетімді етуге мүмкіндік берген. Музей өз күшімен мультимедиялық бағдарламалар мен анимациялық жобаларды, соның ішінде «Еркіндік қанаты» фильмін де әзірлеуде.

Сондай-ақ цифрлық шешімдер келушілер үшін де жаңа мүмкіндіктер ашуда. Мысалы, Бұқар жырау музейінде QR-код арқылы қолжетімді «TARIH. RUH. MURA.», «UAQYTQA SAIAHAT», «MUZEI MODE: ON» атты цифрлық журналдар әзірленген. Олар дәстүрлі гидтің орнын басып, жеке зерттеу жүргізуге жағдай жасайды. Келушілер енді Жабай Тоғандықов пен Қали Байжанов сынды тұлғалардың шынайы дауыстарын тыңдай алады.

ERTIS музейінде де интерактивті мультимедиялық экспозиция жұмыс істейді. Мұнда келушілер тач-панельдер мен планшеттер арқылы экспонаттар туралы мәліметтермен өз бетінше таныса алады.

Экспонаттарды цифрландыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Г.Потанин музейінде бұл жұмыс жалпыұлттық бағдарлама аясында жүзеге асырылса, Бұқар жырау музейінде сирек кездесетін пластинкалар, бейнекассеталар мен қолжазбаларға басымдық берілген. Тек 2025 жылдың өзінде 250-ден астам құжат цифрлық форматқа көшірілген.

Музейлерде алдағы уақытта виртуалды экскурсиялар енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жасанды интеллект негізінде интерактивті экспозициялар мен цифрлық гидтерді дамыту көзделген.

– Интерактивтілік пен виртуалды мүмкіндіктерді енгізу келушілердің қызығушылығын арттырды. Ал қызметкерлер үшін ЖИ күнделікті жұмыстарды автоматтандырып, экскурсиялар мен іс-шараларды ұйымдастыру тиімділігін арттырды, – деді Медет Тауасқан.

Алдағы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Атап айтқанда, Бұқар жырау музейінде «жандандырылған» дауыстар қорын кеңейтіп, әрбір экспозицияға бірегей дыбыстық сүйемелдеу жасау жоспарланған.

Айта кетейік, 22 наурыз күні Павлодар қаласының орталық алаңында «Жаңғырған тарихи мұра» және «Ғасырлар жолы жасанды интеллект көзімен» атты көрме киіз үйлері ұйымдастырылып, онда TARIH.MAP бағдарламасының таныстырылымы өтіп, цифрландырылған экспонаттар көпшілікке ұсынылады.