Темір жолдағы оқиға: Павлодарда пойыз қағып кеткен адам реттеуші болып шықты
Жазатайым оқиғаға қатысты тергеу жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық еңбек басқармасының мәліметінше, зардап шеккен 59 жастағы тұрғын «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ бөлімінде реттеуші болып жұмыс істеген.
– Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабының 2-бөлігімен (денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соқтырған еңбекті қорғау қағидаларын бұзу) Павлодар станциясындағы желілік полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді, - деді ҚР ІІМ көліктегі полиция басқармасының баспасөз қызметінде.
Сондай-ақ басқармада ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге мәліметтер тергеу мүддесі үшін жария етуге жатпайтынын хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, 28 қаңтарда сағат 10:54-те Успен көпірі маңындағы теміржолда ер адамның аяғын пойыз басып кетті. Зардап шеккен адамда көптеген жарақаттар, аяқтың травматикалық ампутациясы, екінші дәрежелі аралас шок және басқа да жарақаттар анықталды.
Фото: Константин Шелков