Тереңкөлде 103 жастағы қария сайлауда дауыс берді
Павлодар облысында егде жастағы тұрғындар жылжымалы сайлау жәшігі арқылы өз таңдауларын жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Тереңкөл ауданында сайлауға 103 жастағы Мария Рудер қатысты. Қарияға тұрғылықты жері бойынша жылжымалы жәшік әкелінді.
– Мәжіліс пен Мәслихат депутаттары жасақталса, біздің пікіріміз Парламент қабырғасында ескерілетіні сөзсіз. Өйткені мен еліміздегі бейбітшілік пен келісім үшін дауыс бердім, - деді Мария Рудер.
Үйінен шықпай дауыс бергендердің бірі – ҰОС ардагері, Баянауыл ауданы мен Павлодар облысының құрметті азаматы Қайыр Хасенов.
– Бүгін біз мәслихаттар мен Мәжілісте мүддемізді қорғайтын адамдарды таңдап жатырмыз. Елімізде тыныштық болып, береке-бірлігіміз арта берсін, – деді 97 жастағы Қайыр Хасенов.
Шарбақты ауданындағы ең қарт сайлаушы Нина Астахова Шалдай ауылында тұрады. 98 жастағы ауыл тұрғыны сайлау жәшігіне өз бюллетенін салып, барша қазақстандықтарға тыныштық пен денсаулық тіледі.
Оның жерлесі, еңбек ардагері, тыл еңбеккері Зинаида Пахомова жақында 95 жасқа толған мерейтойын атап өтті.
- Мен аудандық, одан кейін облыстық маңызы бар депутат болып сайланғанмын. Сондықтан әр адамның дауысы қаншалықты маңызды екенін білемін, - дейді Зинаида Пахомова.
Айта кетейік, сайлау учаскелері сағат 20: 00-ге дейін ашық болады. Облыста сайлауда дауыс беруге құқығы бар 512 200 кәмелетке толған тұрғын бар. Сағат 18:00-дегі жағдай бойынша облыста сайлаушылардың 58,61 пайызы дауыс берген.