Тереңкөлде аудандық аурухана тубдиспансерге көшірілмек

Тереңкөлде аудандық аурухана тубдиспансерге көшірілмек
Фото: Константин Шелков

Медициналық мекеменің кабинеттері қазіргі стандарттарға сай келмейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Тереңкөл ауданында аурухана 1967 жылғы салынған болатын. Бүгінде ол жерде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр: су құбыры, кәріз жүйесі, батарейлері ауыстырылды. Алайда жыл сайын ауруханада жүргізілетін жөндеу жеткіліксіз. 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Тереңкөл ауданының әкімі Азамат Маңғұтов мәлім етті.

– Тереңкөл ауылының кіреберісінде 2006 жылы салынған жаңа туберкулез диспансері бос тұр. Біз ол жерге аудандық аурухананы көшіргіміз келеді. Облыс әкімі де бұған қатысты тапсырма берген еді. Аудандық аурухананы сол ғимаратқа ауыстыру үшін арнайы санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды берілді, – деді Азамат Маңғұтов.

Оның сөзінше, ескі аудандық ауруханада санитарлық нормаларға сәйкес келмейді. Тубдиспансерге көшірілген жағдайда аудандық ауруханадан жатақхана ашылады. 

– Онда жаңа жабдықтарды орнату үшін кабинеттері  кішкентай. Сыртқы кірпіштері де құлап жатыр. Яғни, қазіргі талаптарға сай емес, – деді аудан әкімі.– Егер де аудандық аурухананы көшірсек, тубдиспансердің жанынан жаңа емхана ашуға болатын еді. Ауыл тұрғындары бұл ұсынысқа қарсы емес.

Сондай-ақ, ауданда дәрігерлер тапшылығы мәселесі де бар. 

– Хирург, терапевт,жалпы практика дәрігері, невропотолог, балалар дәрігер мамандары жетіспейді. Егер де медициналық мекемелердегі жабдықтардың жаңартылу мәселесі шешілсе, мамандар көбейеді деп ойлаймын, – деді аудан әкімі. 

Азамат Маңғұтовтың сөзінше, Тереңкөл ауылында жалпы сегіз мың адам тұрады. Бұдан бөлек, кезекте 654 адам тұр.