Тереңкөл ауданында еріктілер өрттің тұрғын үйге таралуына жол бермеді
Олар - «Ауыл құтқарушылары» бекетінің еріктілері, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жуырда Тереңкөл ауданының Жаңа Құрылыс ауылында екі пәтерлі тұрғын үйден өрт шықты.
Оқиға орнына алғаш болып Қоржынкөл ауылындағы «Ауыл құтқарушылары» бекетінің қызметкерлері Валерий Лукьянченков пен Есентай Арынов жетті. Оқиға орнында үй жиһаздары, тұрмыстық заттар және саманнан салынған қосалқы құрылыстың шатырындағы ағаш конструкциялар жанып жатқан.
Негізгі күштер келгенге дейін олар өртпен күресті өз қолдарына алып, жалынның таралуына тосқауыл қойып, тілсіз жаудың тұрғын үйді түгел шарпуына жол бермеді.
Олардың жедел әрі кәсіби іс-қимылдарының арқасында өрт оқшауланып, оттың одан әрі таралуы тежелді.
Тереңкөл ауданының №8 өрт сөндіру бөлімінің жасағы келгеннен кейін күштер біріктіріліп, өртті толық сөндіру және жасырын жану ошақтарын жою жұмыстары бірлесіп жалғастырылды. «Ауыл құтқарушылары» бекетінің қызметкерлері мен өрт сөндірушілердің үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде өрт толығымен сөндірілді.
Айта кету керек, қазіргі уақытта Қоржынкөл ауылындағы «Ауыл құтқарушылары» бекетінде оның жұмысын одан әрі жетілдіруге және жыл бойы үздіксіз қызмет көрсетуін қамтамасыз етуге бағытталған жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға өрт қауіпсіздігі қағидаларын қатаң сақтауды және өрт шыққан жағдайда 101 немесе 112 нөмірлеріне дереу хабарлауды ескертеді.