Тереңкөлде балаларға медициналық көмек көрсету орталығы ашылды

Тереңкөлде балаларға медициналық көмек көрсету орталығы ашылды
Фото: Тереңкөл ауруханасының баспасөз қызметі

Қазіргі таңда облыста осындай 19 орталық жұмыс істейді. Жаңа мекеме жиырмасыншы болып саналады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудандық аурухана базасында даму және ерте араласу орталығы ашылды – бұл жаңа бөлімше ерте жастағы балаларға кешенді медико-әлеуметтік көмек көрсетеді.

Орталықта туған сәтінен бастап 5 жасқа дейінгі балалардың психофизикалық диагностикасы жүргізіледі, оның ішінде M-CHAT-R тесті арқылы аутизм белгілерін ерте анықтау қарастырылған. Анықталған қиындықтары бар балаларға жеке қолдау жолдары жасалып, мультидисциплинарлық команда – педиатрлар, логопедтер, психологтар, невропатологтар және басқа профильді мамандар қатысады.

– Біздің орталықта жергілікті мамандар жұмыс істейді, олар қажетті даярлықтан өтті. Кейбір қызметкерлер аурухананың профильді бөлімдерінде жұмысын үйлестіре отырып, балаларға кешенді бақылау мен тиімді қолдау көрсетуге мүмкіндік алады. Шақырылған мамандар қатарында логопед бар, – деп хабарлады мекеменің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, жаңа бөлімшеде патронаждық қызмет ұйымдастырылып, әйелдерді жүкті кезеңде және босанғаннан кейін қолдауға бағытталған. Сонымен бірге, балалардың тамақтануы мәселелері бойынша ресурс орталығы жұмыс істейді.

Даму және ерте араласу орталығы күніне 20-40 балаға дейін қабылдай алады, бұл жеке кесте, консультация ұзақтығы және көрсетілетін қызмет форматына байланысты (жеке, топтық сабақтар, отбасыға сүйемелдеу).

Жобаны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен іске асырылып, балаларға профилактикалық көмек көрсету мен олардың отбасыларын қолдауды күшейту мақсатында ашылған.