Тереңкөлде көршісінің қарағайын кескен тұрғынды қызметтік ит ұстап берді

Тереңкөлде көршісінің қарағайын кескен тұрғынды қызметтік ит ұстап берді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникацялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров мәлім етті. 

– 15-31 желтоқсан аралығында «Шырша» жедел алдын алу шарасы өткізілуде. Бес күн ішінде жеті құқық бұзушылық тіркелді. Мысалға, Тереңкөл ауылының тұрғыны көршісінің үйінде өскен қарағайды кесіп, ұрлап кеткен. Қылмыс қызметтік иттің көмегімен ашылды, – деді Жасқайрат Қайыров.

Тұрғынға қатысты ҚР ҚК-ің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қалған алты құқық бұзушы ҚР ӘҚБК-нің 204-бабы бойынша заңсыз орындарда шырша екпелерін сатқаны үшін жазаға тартылды. 

 Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаевтың сөзінше, былтыр және биыл да желтоқсан айында Жаңа жыл қарсаңында ағаштарды заңсыз кесу фактілері тіркелмеді. 

– Өңір аумағында Ресей Федерациясынан әкелінген қарағай көшеттері сатылып жатыр.  Олардың жалпы саны 6400 түпті құрайды. Шыршалар сатылатын орындар қадағаланып жатыр. Облыс бойынша шыршаларды сату үшін 30 орын белгіленді. Павлодар қаласында ең ірі сату нүктелері – «Манақбай», «Квазар», «Керуен», «Ласточка» сауда үйлері, – деді Руслан Төлепбаев.

Оның сөзінше, жаңа жылдық шыршаларды сатылымға шығару үшін халықаралық тауар-көлік құжат, фитосанитариялық сертификат, тауардың шығу тегі туралы сертификат, тіркеу нөмірі мен датасы бар шот-фактура және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі беретін мемлекеттік бақылаудан өткені туралы талон болуы тиіс.