Павлодарда Рухани келісім күніне орай жастар арасында квест ұйымдастырылды

Алғаш рет сайысқа бес діннің өкілдері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Байбәкіровтің сөзінше, өңірде діни бірлестіктердің басшылары тұрақты түрде «Рухани келісім» клубы аясында бас қосып, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайды. Сондай-ақ, жастармен жұмыс жүргізу бағытында жаңа бастамаларды қолға алуда.
– Мысалы, алғаш рет конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының ұйымдастыруымен квест танымдық сайысы өтті. Шараға өңірдегі әртүрлі діни бірлестіктердің жастар тобы қатысты, – деді басқарма басшысы.
Нұрлан Байбәкіровтің айтуынша, ойынға Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің, Благовещенск кафедралды соборының, Рим-католик және жетінші күн шіркеуінің, «Новая жизнь», «Иисус Христос» және Евангельдік христиан-баптистер қауымдарының жас өкілдері қатысып, өзара білім сайысына түскен.
Зияткерлік додада қатысушылар бес діннің тарихы мен мәдениеті, сондай-ақ Қазақстандағы рухани келісім мен толеранттылық қағидаттары жөнінде қойылған сұрақтарға жауап берді. Шара достық пен өзара құрмет рухында, жоғары көңіл-күй мен салауатты бәсекелестік жағдайында ұйымдастырылды.
Қазіргі кезде облыс аумағында 16 түрлі конфессияның өкілдері болып табылатын 169 діни қауымдастық бар. Облыстық дін істері басқармасының деректеріне сүйенсек, өңірде діни ұйымдардың 50 филиалы, сондай-ақ 14 миссионер діни жоралғыларды белсенді жүргізеді. Олардың қатарында Польша, Украина, Словакия, АҚШ, Ресей, Үндістан, Бангладеш, Австрия және Сингапур елдерінен келген азаматтар бар.
– Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көпұлтты қоғам ретінде бейбіт өмір сүру тәжірибесін жоғары бағалап, «Толеранттылық пен өзара түсіністік – біздің ең басты жетістігіміз» деп айтқан еді. Бұл сөздер елдің рухани және қоғамдық өміріндегі үйлесімділіктің маңызын айқын көрсетеді, – деді Нұрлан Байбәкіров.
Айта кетейік, облыста 12 мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Олардың ішінде жақын арады Екібастұз қаласының мешіті және Ақсу қаласының Үштерек ауылындағы мешіт аяқталуға жақын.