Токиода дзюдодан әлемдік жарыс басталды

Токиода дзюдодан әлемдік Grand Slam жарысы басталды. Жарыстың алғашқы күнінде ерлер 73, 81, 90 келіге дейінгі салмақтарда, әйелдер 57, 78 келіге дейінгі және 78 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде өзара мықтыны анықтайды, деп хабарлайды Kazіnform.
Бұл дода биылғы маусымның соңғы бәсекесі болмақ. Оған 88 елден 527 дзюдошы қатысады деп жоспарланған.
Алғашқы жарыс күнінде ерлерде Данияр Шамшаев, Асқар Нарқұлов (73 келі), Абылайхан Жұбаназар, Руслан Мусаев (81 келі), Айдар Арапов, Ермахан Әнуарбеков (90 келі) татамиге шығады.
Ал қыздарда Назгүл Маратова, Камила Берліқаш (78 келіден жоғары) сайысқа түседі.
Айта кетсек, бұдан бұрын Астанада дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты аяқталды. Жарыстың соңғы күнінде аралас командалық сайыстан Қызылорда облысы үздік атанды.