Торайғыр жағалауындағы тазалыққа қатысты мердігерге ескерту жасалды

Торайғыр жағалауындағы тазалыққа қатысты мердігерге ескерту жасалды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Нысандағы кемшіліктерді жоюға 10 күн уақыт берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыр көлінің жағалауындағы тазалықтың сақталмауына байланысты әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан айтылған сын-ескертулерден кейін мәселе аудан әкімдігінің бақылауына алынды.

Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, Торайғыр жағажайында төтенше жағдайлар бөлімі, полиция қызметкерлері және ауыл әкімдігі өкілдерінің қатысуымен арнайы тексеру ұйымдастырылды. Оның барысында жағажайды күтіп ұстауға жауапты мердігер мекеменің басшылығымен кездесу өтіп, анықталған олқылықтар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Әлеуметтік желілерде Торайғыр көлі жағалауындағы тазалықтың сақталмауы бойынша тұрғындар тарапынан көптеген сын-ескертулер айтылып жатыр. Бұл мәселе біздің тікелей бақылауымызда. Белгіленген мерзім ішінде аумақ толық тазартылып, тиісті тәртіп қамтамасыз етілмесе, мердігер мекемемен жасалған келісімшарт күшін жояды. Біз үшін өңіріміздің экологиясы мен тұрғындардың жайлы демалысы әрдайым бірінші орында, – деді Ардақ Кісентаев.

Мердігер демалыс орнын талапқа сай тазартпаса, мердігер мекемемен жасалған келісімшарт бұзылады.

Аудан әкімі табиғатты қорғау мен жағалау тазалығын сақтау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да қатаң бақылауда болатынын айтып, демалушыларды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырды.