Торайғыров университетінің қос ғалымы жаңа мемлекеттік медаль алды
Оларға «Қаныш Сәтбаев» және «Жоғары білім беру саласына қосқан үлесі үшін» медальдары табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайғыров университетінің инженерия факультетінің деканы, металлургия саласының профессоры Абылай Жүнісовтің еңбек өтілі 30 жыл. Айтуынша, марапат оның көп жылғы еңбегі, кәсібіне адалдығы, сондай-ақ Павлодар облысы мен жалпы республика ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін берілген. Ол металлургия саласындағы ғылыми зерттеулермен айналысып, өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу бағытында бірқатар технология әзірлеген.

– Бұл – ең алдымен өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы ғылыми әзірлемелеріме байланысты деп ойлаймын. Біз ферроалюминий деп аталатын жаңа ферроқорытпалардың бірін әзірледік. Оның ерекшелігі – өндіріс барысында табиғи ресурстар пайдаланылмайды. Яғни, қорытпаны алу үшін тек өнеркәсіптік қалдықтар қолданылады. Технологияның бірегейлігі де осында, – деді Абылай Жүнісов.
Ғалымның сөзінше, қазіргі таңда әзірлеме зерттеу кезеңінде. Ғалымдар өнеркәсіптік үлгіні дайындап жатыр. Негізгі мақсат – табиғи ресурстарды пайдаланбай, өндірістік қалдықтарды металлургиялық үдеріске тарта отырып, жаңа металдар мен қорытпалар алу.
Ал Сәуле Кісембаева университетке шетелдік студенттерді тарту және халықаралық білім беру бағдарламаларын дамытуға үлес қосқандықтан «Жоғары білім беру саласына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

Бұдан бөлек, университеттің 2026 жылғы жұмыс қорытындысы мен алдағы даму жоспарлары таныстырылған жиында цифрлық инфрақұрылымды дамыту және осы салаға білікті кадрлар даярлау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Университет ғалымдары Павлодар облысындағы өндіріс орындарының шикізаты мен техногендік қалдықтарын кешенді өңдеу технологияларын әзірлеуге бағытталған 2 миллиард теңгелік бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруды жеңіп алды. Жоба төрт бағытты қамтиды: химиялық технологиялар, кен және техногендік шикізатты өңдеу, энергия тиімді материалдар, жасанды интеллект негізіндегі цифрлық шешімдер.

Сонымен қатар, Торайғыров университеті Малайзияның Putra университетімен серіктестік орнатып, Павлодарда жүзеге асырылып жатқан Data Center Valley жобасына мамандар даярлауға кіріседі. Оқуға тартылатын студенттер саны, білім беру бағдарламаларының мазмұны мен оқу басталатын мерзімі қазіргі таңда нақтыланып жатыр.

– Шетелдік университетпен серіктестік цифрлық инфрақұрылым саласындағы мамандарды даярлауға және олардың білімін Қазақстанның қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді, – деді Торайғыров университетінің басқарма төрағасы Нұрлан Медетов.
Айта кетейік, Екібастұзда Data Center Valley деректер орталықтарының алқабы салынуда. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, алғашқы деректер орталығын 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
