Цифрлық есеп пен шынайы нәтиже: Павлодарда партиялық жобалар қалай жүзеге асуда?

Цифрлық есеп пен шынайы нәтиже: Павлодарда партиялық жобалар қалай жүзеге асуда?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар қаласы мен ауданының бастауыш партия ұйымдарының төрағалары дөңгелек үстел басында бас қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық «AMANAT» партиясы филиалының базасында өткен кездесуде партиялық қызметтің тиімділігі басты назарда болды. Облыстық филиал төрағасы Асылбек Туғанбай мен атқарушы хатшы Николай Дычко қатысқан шарада жергілікті жерлердегі жобалардың сапасы мен халықпен жұмыс істеудің жаңа форматтары талқыланды.

Қалалық филиалдың атқарушы хатшысы Сүлеймен Сыздықовтың айтуынша, қазіргі таңда қала құрылымында 56 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Партия мүшелерінің саны 16 430 адамға жетіп, қатарға «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында 860 жаңа мүше қосылған. Бұл ретте сандық көрсеткіштер сапалық деңгейге ұласып, әрбір бағыт бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылғаны атап өтілді.

Шынайы нәтиженің айқын дәлелі ретінде республикалық деңгейдегі жеңістерді айтуға болады. Мәселен, «Крендель» бастауыш партия ұйымы республикалық байқауда екінші орын алып, жарты миллион теңге сыйлықты иеленсе, қалалық қоғамдық қабылдау бөлмесі еліміз бойынша үздік үштікке енді.

Жиын соңында бастауыш ұйым жетекшілері үшін оқыту семинары ұйымдастырылды. Онда құжаттамалық жұмыстарға енгізілген өзгерістер таныстырылып, партиялық бақылауды күшейту жолдары түсіндірілді. Асылбек Туғанбай алдағы уақытта халықпен кері байланысты жандандыру мен әлеуметтік маңызы бар жобаларды сапалы іске асыру басты міндет болып қала беретінін қадап айтты.

Фотосуретті «AMANAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі ұсынды