Түнгі рейд: Екібастұзда 15 жасөспірім түнде көшеде ұсталды

Түнгі рейд: Екібастұзда 15 жасөспірім түнде көшеде ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Барлығына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, ата-аналары шақыртылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 шілдеден бастап Екібастұзда кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдердің түнгі уақытта көшеде заңды өкілдерінсіз жүруінің алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және балаларға қатысты құқық бұзушылықтарды болдырмау.

– Алғашқы түні кәмелетке толмағандар тарапынан жиырма құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде он бес жасөспірім сағат 23:00-ден кейін түнгі қаланың көшелерінде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болды. Әрбір жасөспірімді полиция басқармасына жеткізіп, ата-аналарын профилактикалық жұмыстар жүргізуге және құқық бұзушылық үшін хаттама толтыруға шақыртылды, – делінген хабарламада.

ҚР ӘҚБтК талаптарына сәйкес, бұл бапты бірінші рет бұзғандар әкімшілік жазаға тартылады, ал қайта құқықбұзушылық үшін жеті айлық есептік көрсеткіш (27 524 теңге) көлемінде айыппұл көзделген. Жасөспірімдердің айтуынша, олар үйге кешігіп қалған немесе уақыттың өтіп кеткенін байқамаған.

Сонымен қатар, ювеналдық полиция екі жасөспірімнің мас күйде болғанын анықтады. 17 жастағы бозбала түнгі сағат 23:50-де Сәтбаев көшесіндегі дүкен маңында ұсталды. Медициналық тексеру оның жеңіл дәрежеде алкогольдік мас күйде болғанын растады. Заңды өкіліне қатысты екі әкімшілік іс қозғалды: жасөспірімнің қоғамдық орында мас күйінде болуы және түнгі уақытта заңды өкілсіз үйден тыс жүруі бойынша 5 АЕК (19 660 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Полиция департаментінің мәліметінше, жедел-профилактикалық іс-шара 29 шілдеге дейін жалғасады.