Павлодарлық құтқарушылар әуесқой балықшыларды мұзға шықпауға шақырады
Усолка су айдынында мұздың қалыңдығы адамның салмағын көтеруіне әлі жеткіліксіз, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласының жедел-құтқару жасағының қызметкерлері Усолка су айдынына шығып, үш жерден мұздың қалыңдығын тексеріп шықты.
– Мұздың қалыңдығы бес сантиметрді құрайды. Бұл көрсеткіш адамның салмағын көтеруіне жеткіліксіз. Осыған байланысты балық аулау әуесқойларын мұзға шықпауға шақырамыз,– дейді құтқарушылар.
Еске сала кетейік, Тереңкөл ауданында екі апта бұрын жоғалып кеткен балықшы іздестірілуде. Болжам бойынша ол моторлы қайықпен аударылып, суға батып кетті. Құтқарушылар іздеу жұмыстарын жалғастыруда.