Успен ауданында әлеуметтік санаттағы азаматтар жаңа баспанаға қол жеткізді
Үйлер жылумен және сумен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауданда тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен, белгіленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылуда. Биыл Успен ауылында орталық жылу және сумен қамтамасыз етілген 24 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Аталған үй ауданда алғаш рет осындай форматта салынды. Тұрғын үй үш кіреберістен, екі қабаттан тұрады. Пәтерлердің жалпы ауданы – 1 164 шаршы метр.
– Бүгінгі күні кезекте 163 адам тұр. Қазір біз мердігер ұйымдармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Келер жылы осындай форматтағы үйлерді салуды жоспарлап отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Успен ауданының әкімі Нұрболат Мақашев.
Ал ауданға оңтүстік өңірлерден көшіп келетін азаматтар мен шет мемлекеттерден келген қандастар үшін көші-қон бағдарламасы аясында тұрғын үй алуға және көшуге байланысты транспорттық шығындарды өтеуге арнайы қаражат қарастырылған. Олар өздеріне бөлінген қаржы есебінен баспана сатып ала алады.
Сонымен қатар әлеуметтік қолдау шараларының нәтижесінде ағымдағы жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының азайғаны байқалады.
– Өткен жылы 64 отбасыдан 315 адам АӘК алса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 64 отбасы, 274 адамды құрады. Осылайша, алушылар саны 41 адамға төмендеді, – деді аудан әкімі.
2025 жылы қоныс аударушылар мен қандастар бойынша өңірлік квота 269 адамды құрайды. Оның ішінде 39 отбасы – қоныс аударушылар, 15 отбасы – қандастар. Қазіргі уақытта өңірлік квотаға 11 отбасы енгізілген. Ал қандастар саны – 45 адам. Қандастардың басым бөлігі Қытай және Ресей елдерінен қоныс аударған.
Айта кетейік, ауданда ерікті қоныс аудару бағдарламасы 2017 жылдан бері іске асырылып келеді. Осы уақыт ішінде жұмыс күші артық өңірлерден екі мыңға жуық адам көшіп келген. Оның ішінде 371 адам – қандас, мың жарымға жуық адам – қоныс аударушылар.
Келгендердің арасында 496 бала бар. Оның ішінде 208-і мектепке дейінгі жаста, 359-ы мектеп жасындағы балалар. Бұл өз кезегінде білім алушылар контингентін арттырып, Қаратай, Ольгин Белоусов, Богатырь сынды бірқатар ауылдық мектептердің сақталуына оң әсерін тигізді.