Жастар келуде: Ертіс ауданының шалғай ауылында ескі мектеп пен тозған жолдар жөнделді
Биыл Амангелді ауылында «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында үш жоба іске асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Амангелді ауылдық округіне екі ауыл кіреді– Амангелді мен Ленин. Екеуі де аудан орталығынан 130 шақырым жерде орналасқан. Екі ауылдағы жалпы халық саны – 500-ге жуық. Ауылдық округтің әкімі Алмагүл Шарманованың сөзінше, биыл Амангелді ауылында ауқымды жұмыстар атқарылды.
– Қырық жыл жөндеу көрмеген мектебіміз күрделі жөндеуден өтті. Үшінші қабаты 1998 жылы жабылып, балаларымыз тек екі қабатта білім алып жүрген. Енді қазір керемет жағдайлар жасалған,– деп атап өтті Алмагүл Шарманова.
Мектепте 63 оқушы оқиды, ал шағын орталыққа 16 бала барады. Білім ордасының аумағы абаттандырылып, барлық жағдай жасалды. Бұл мақсатқа «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша 344,5 миллион теңге бөлінген еді.
– Ауылымызда бала саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Көпбалалы 20 шақты отбасы бар. Соларға арнап жоба аясында 12 элементтен тұратын, жарығы бар балалар алаңын салдық, – деді ауылдық округ әкімі.
Сонымен қатар, 114,8 миллион теңгеге 2,5 км кентішілік жолға орташа жөндеу жүргізілді. Ауылдың төрт негізгі көшесіне: Ю.Половых, Амангелді, Набережное, Гагарин асфальт төселді. Қалған үш көшені жөндеу алдағы уақытта жоспарда тұр.
– Орталық көшелерге жол салынды. Жаз бойы балалар ойнап, өзіміз де мәз-мейрам болдық. Халқымыздың жағдайы осы жұмыстар атқарылғаннан кейін күрт өзгерді деп айтуға болады, – дейді ол.
Ауылдық округ әкімі ауылдардың әлеуеті жақсарып келе жатқанын атап өтті.
– Ауыл гүлденіп келеді. Ешкім көшпейді, керісінше жастар келіп жатыр. Өйткені ауылымыз шекарада орналасқан. 40 шақты жас отбасы бар. Болашағы бар ауыл деп ойлаймын, – деді Алмагүл Шарманова.– Екі ауылда ұстаздар көп жұмыс істейді, шаруа қожалықтары мал өсіреді және тұрғындардың көбі шекарада қызмет етеді.
Бұдан бөлек, «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасымен Ленин ауылында футбол алаңы салынды. Оған 7,8 миллион теңге жұмсалды.
Оған қоса жергілікті әкімдік Ленин ауылына тарихи Бірсу атауын қайтарғысы келеді. Бүкіл тұрғындар өз келісімін берді. Қажетті құжаттар дайын тұр, алайда мораторий жариялағаннан кейін бұл жұмыс тоқтап қалды.