Успен ауданында олимпиадалық жүзу бассейні салынады

Успен ауданында олимпиадалық жүзу бассейні салынады
Фото: pixabay.com

Құрылыс келесі жылы басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Успен ауданына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Асайын Байханов ауданның инфрақұрылымдық жобаларымен танысты. Олардың ең үлкені – жалпы құны 600 миллион теңгеге жуық бассейн.

Аудан әкімі Нұрболат Мақашевтың айтуынша, тұрғындар табиғи су қоймаларының жоқтығынан осындай өтініш білдірген.

Бұл – екі жылдық жоба. Бірінші жылға 297 миллион бөлінді. Келесі жылы жұмысқа кірісеміз. Бассейннің өлшемдері 25-7 метрге жетеді, бұл олимпиадалық талаптарға сай, – деді Нұрболат Мақашев.

Облыс әкімі жүзу бассейнінің салынуы балалардың суда жүзумен айналысуына септігін тигізетінін, оқушылардың денсаулығын жақсартатынын атап өтті.

– Мұндай бассейндерді Ертіс, Көктөбе, Успен ауылдарында салу жоспарлануда. Алдағы уақытта мұндай нысандар он облыс орталығының әрқайсысында пайда болады. Уақытқа келетін болсақ, бәрі мердігерге және оның мүмкіндігіне байланысты. Егер ол бір жылдың ішінде барлық жұмысты аяқтай алса, онда біз жұмысты қаржыландыруға дайынбыз. Жобаны екі жылға кейінге қалдырудың мәні жоқ, –  деді аймақ басшысы.

Бұдан бөлек, аудандағы үш мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Олардың бірі Успенде орналасқан және Мағжан Жұмабаевтың есімімен аталады. Мұнда 20 жылдай қыста жылу беру мәселесі болған. Облыстық бюджеттен қолдаудың арқасында жылу жүйесі жаңартылып, мектеп іші жаңартылған.